Енді қазақстандықтар қалаған күні көлігімен көшеге шыға алмайды. Мемлекеттік нөмірдің соңғы цифры 9 болса сіз 2-сі, 4-і, 16-сы сияқты даталарда жүрмейсіз. Ол күндері тек 8 сияқты жұп санмен аяқталатындар ғана қозғалады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстандық экологтар Қытайға барып келіп, енді Бейжіңдегі ауаны қорғау тәртібін бізде енгізгісі келіп отыр. Соның бірі көлік нөміріне тікелей байланысты. Министрлік енді түтін қоюланған сәтте бұдан былай осындай соңғы цифрі жұп сандармен таңбаланған көліктерге тек жұп күндері, ал тақ сан болса 1-і,3-і,5-і сынды тақ күндері жүруге рұқсат беруді ұсынды.
“Бұдан басқа экологиялық кодекстің 205 және 21-бабына сәйкес министрлік әкімдіктерге ауаны ластау, жиынтық есептеулерін әзірлеу, қоршаған орта сапасының нысаналық көрсеткіштерін және ШРЕШ жиынтық томдарын қалыптастыру жөніндегі жұмысты жандандыруды тапсырды”, – деді ЭТРМ Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Ербол Қожыков.
Экология министрлігі көлік нөміріне байланысты қозғалысты шектеп, қалалардағы ауа тазалығын үшін қолға алмақ. Ведомствоның дерегінше, Алматының өзінде улы қалдықтың 60 пайызы машинадан шығады.
“Бір күні тақ сан, бір күні жұп сан дегенді мен қолдаймын. Ол бізге тамаша. Өйткені кейде бір шаруалармен шыққанда, күнде шыға бермейсің ғой, тақ сандықтар ғана жүрген кезде өзіңе белгілі болып тұрады ғой. Есептеп отырасың, бүгін шығамын бүгін көлік аз дегендей”, “Мысалы менің нөмірім 0. Сонда шығуға болмайды. Бірақ менің баратын тірліктерім көп. Мен сонда сол бір сан үшін ешқайда шықпай, бетіне қарап отырамын ба?”, – деп жүргізушілердің ойы екіге бөлінді.
Тәртіпті енгізу-енгізбеу мәселесін әкімдік пен мәслихат шешеді. Ал Алматы әкімдігі қалада ауаны қорғау ережесі 2 ай бұрын ғана қабылданғанын, онда көліктердің нөміріне қарай қозғалысын шектеу көзделмегенін мәлімдеді. Бірақ шаһарға кіретін ескі көліктерге ақша төлету жоспарда бар.
“Бірақ оны біз 2029 жылы іске асыруды көздеп отырмыз. Қазір ереже пилоттық жоба ретінде 1 жыл, одан кейін 2027 жылы нормаға сай келмейтін автокөліктерге тыйым салынады. Одан кейін, нормаға келмейтіндерге шара қолдану жалғасады, сонымен қоса ескі көліктерге ақылы қатынау енгізіледі”, – дейді «ЭКО АЛМАТЫ» ЖШС бөлім басшысы Айдана Қасен.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, Қазақстанда жалпы көлік саны 6 миллионға жуықтаған. Соның 4 миллион 900 мыңы жеңіл машина. Басым бөлігі Алматы мен Астанада тіркелген.






