Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлес қосып жүрген белсенді депутаттардың бірі – Мағжан Ералиев. Ол ең үлкен жауапкершілік халықтың сенімін ақтау екенін айтады. Бұл жолда депутат елмен етене еңбек етуде. Жақында аманат арқалаған азаматпен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Мағжан Абзалұлы, депутат халық пен билік арасындағы алтын көпір іспетті. Сайлаушылар сенімін ақтау – ең үлкен жауапкершілік. Атқарылған істердің ауқымы туралы айтсаңыз…
– Өзіңіз айтқандай, депутат болу – ең алдымен сенім мен зор жауапкершілік. Мен үшін бұл қызмет – халық пен атқарушы билік арасындағы байланысты нығайту, тұрғындардың ұсыныс-пікірін нақты іске айналдыру алаңы. Сайлаушыларымның әр өтінішін жеке бақылауға алып, тиісті мемлекеттік органдармен жүйелі жұмыс жүргізуге тырысамын. Ең басты қағидатым – ашықтық, әділдік және нақты нәтиже. Сондай-ақ өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталған жергілікті биліктің тың бастамаларын жүйелі іске асыруда бірлесе еңбек ете отырып, түйткілді мәселелерді шешуге ықпал етіп келеміз.
– Сіздің тараптан қоғамдық қабылдау қаншалықты жиі өтеді? Тұрғындар қандай мәселемен келеді?
– Қоғамдық қабылдауды жоспарлы түрде ай сайын өткіземін. Сондай-ақ елді мекендерге арнайы барып, көшпелі кездесулер ұйымдастырамын. Азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдап, тиісті жұмысты қолға аламын.
Қазіргі таңда жиі көтерілетін мәселелердің қатарында инфрақұрылым (жол, жарық, ауыз су), әлеуметтік қолдау, жұмыспен қамту және ауыл шаруашылығын дамыту бағыттары бар. Әлеуметтік қолдау шараларынан бөлек, денсаулық сақтау саласындағы жобаларды ілгерілету бойынша мәселе де айтылып, шешілуіне көмек көрсетуді сұрайды. Нәтижесінде әр мәселе бойынша жауапты мекемелермен бірлесіп жұмыс атқарылады. Кейбір түйткілдер жергілікті деңгейде шешілсе, жүйелі өзгерісті қажет ететін сұрақтар бойынша депутаттық сауалдар жолданып, бақылау жұмыстары жүргізіледі.
– Депутаттық қызметіңіздегі атқарылған жұмыстар мен бастамалар жайлы ақпараттандыру қаншалықты жүйелі жүргізіледі?
– Атқарылған жұмыстарды халыққа жүйелі түрде жеткізу сенімді нығайтудың маңызды бөлігі деп санаймын. Осы мақсатта әлеуметтік желілер арқылы, жергілікті БАҚ беттерінде, сондай-ақ есеп беру кездесулерінде тұрақты ақпарат беріп отырамын. Әр бастаманың барысы мен нәтижесі ашық жарияланып, кері байланыс орнатуға басымдық беріледі.
– Қазір жастар мен жасөспірімдер мәселесі өзекті. Депутат ретінде жастардың ортасында қаншалықты боласыз?
– Дұрыс айтасыз, қазіргі жастардың ойлау қабілеті де, арман-тілегі де өзгеше. Ізденеді, жаңа дүние ойлап табуға тырысады. Жаңашылдыққа бет бұрып, технологияның тілін еркін меңгерген. Жұмыс барысында жастармен жиі кездесемін. Жалындап тұрғандары жетерлік. Облыстың мерейін үстем етіп жүргендері де бар. Олармен кездесу барысында ұсынған жобаларын қолдауға әркез дайынмын. Қай саланы алып қарасақ та, белсенді жастарды байқап қаламын. Дегенмен жұмыссыз, қоғамнан өзін таба алмай жүрген жастарға да бағыт-бағдар беріп, қолдан келгенше көмек қолын созуға тырысамын. Жалпы жастарды қолдауға бағытталған шаралар жүйелі іске асырылып келеді деп айта аламын.
– Сонымен қатар, сіз «Абзал және компания» толық серіктестігінің директоры қызметін де атқарасыз. Кәсіпорынның бүгінгі тыныс-тіршілігі, атқарылып жатқан негізгі жұмыстар туралы кеңірек айтып өтсеңіз…
– «Абзал және компания» толық серіктестігі – өңіріміздегі аграрлық саланың жетекші кәсіпорындарының бірі. Компания күріш өсіру, өңдеу және өндіру бағытында тұрақты жұмыс атқарып келеді. Заманауи технологияларды енгізу, өндіріс тиімділігін арттыру және сапа стандарттарын сақтау – негізгі басымдықтарымыз. Кәсіпорында жаңа жұмыс орындарын ашу, қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту және еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығында инновациялық тәсілдерді енгізу арқылы өнім сапасын арттыруға бағытталған жобалар жүзеге асырылуда. Бұл – жүйелі жұмыстың жемісі.
– Алдағы жоспарларыңыз қандай? Ел мен өңір дамуына бағытталған қандай жаңа бастамалар бар?
– Ауыл инфрақұрылымын жақсарту, агроөнеркәсіп кешенін жаңғырту, жастарды қолдау және жаңа жұмыс орындарын құру бағытындағы бастамалар жалғасады. Сондай-ақ халықпен жиі жүздесіп, пікір алмасып, әрбір тұрғынның талап-тілегін тыңдап, қоғамдағы өзекті мәселелерді назардан тыс қалдырмау – басты міндетім. Мен үшін басты мақсат – ел сенімін ақтау және туған жеріміздің тұрақты дамуына нақты үлес қосу. Адал еңбек етіп, нық қадам жасауды мақсат етемін.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы»





