Бүгін 15 наурыз – Наурызнаманың қайырымдылық күнінде «Жақсылық жаса» акциясы аясында Достық үйінде «Еңбек адамына құрмет – ел мерейі» атты мерекелік іс-шара өтті.
Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ және «Қызылорда облысы бойынша әйелдер күші Альянсы» қоғамдық бірлестігі бірлесіп ұйымдастырылған іс-шараға «Қызылорда тазалығы» мекемесінің қызметкерлері мен «Қоғамдық келісім» мекемесінің техникалық қызметкерлері қатысты.
Бұл күні еңбек адамдарына ерекше сый-құрмет көрсетілді. Шара модераторы «Қызылорда облысы бойынша әйелдер күші Альянсы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рахима Ахметова еңбек адамдарына шынайы алғысын білдірді.
– Бүгінгі маңызды шараға жиналып отырғанымыздың себебі – қаламыздың тазалығын сақтау үшін аянбай еңбек етіп жүрген барша азаматтарға құрмет көрсету. Сіздер әр күн сайын өз еңбектеріңізбен біздің қаламызды таза әрі көрікті етіп сақтауға зор үлес қосып келесіздер. Сіздердің осы ұлағатты еңбектеріңіз – нағыз патриотизм мен қоғамға деген адал қызметтің үлгісі, – деді.
Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ директоры Бақытжан Камалов
– Тазалық – бұл қоғамның мәдениеті мен бірлігінің, ортақ жауапкершілігі мен ынтымақтастығының белгісі. Біздің киелі шаңырағымыз Достық үйінің тазалығын сақтауда аянбай еңбек етіп жүрген жандарда бүгін ортамызда отыр. Сіздердің еңбектеріңіз тек физикалық тұрғыдан емес, сонымен қатар рухани құндылықтарымызды нығайтуға да әсер етеді. Біздің қаламыздың тазалығына қосып отырған үлестеріңіз бен елеулі еңбектеріңіз үшін риясыз алғыс білдіремін, – деді.
Іс-шараның өтуіне қолдау білдірген «Венера Принт» ЖШС директоры Венера Даулетбаева қатысушыларды әз-Наурыз мерекесімен құттықтап, еңбегі зор жандардың қоршаған ортаны қорғап, қала экологиясын жақсартуға, тұрғындардың денсаулығын сақтау мен әл-ауқатын арттыруға қосқан үлестеріне ризашылығын жеткізді.
Мұнан соң қажырлы еңбек үшін барша жұмысшы аналардың иығына ақ жаулық жабылып, тәтті себеттер сыйға берілді.
Ән шашу ретінде Қайыржан Рызағазиев «Ана» әнін орындап, ерекше көңіл күй сыйлады. Сонымен қатар, «Қазақстандағы орыс қауымдастығы»ҚБ облыстағы филиалымен тығыз байланыста жұмыс істейтін «Баян сұлу» балабақшасының тәрбиеленушілері мерекелік әндер орындады.
Марапаттау рәсімінде қатысушыларға алғыс хаттар табысталып, олардың еңбектері бағаланды. Іс-шараның соңында барлық қатысушылар естелік суретке түсті.
Бұл мерекелік шара Наурызнаманың онкүндігі аясындағы Қайырымдылық күніне тұспа-тұс келіп, қоғамымыздағы еңбек адамының маңыздылығын атап өтуге бағытталған ерекше сәт болды.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<