Топ-баннер2

Еңбек ерінің анасы

5

0

…Құдай әйелді жаратқанда оның бітім-болмысын тек алтыншы күні бітірген дейді. Қасынан өтіп бара жатқан періште одан бұл пендені неге сонша ұзақ жасағанын сұрайды. Сонда Хақ тағала әйел табиғатын барынша мықты, ерекше сезімтал әрі мейірімді етіп жаратқанын айтқан екен.

Шынында әйел заты, оның ішінде дүниеге ұрпақ әкелген ана тіршіліктің сан алуан тай­таласында тастүйін бекініп, сыртқа сыр бермей, жолынан кездескен қандай қиындықты да жеңіп шығады. Осынша нә­зік жаратылысымен-ақ таудай тосқауылдарға қарсы тұра ала­ды. Сөйтіп балаларына бойын­дағы бар жылуын беріп, махаб­батына бөлеп өсіреді.

Жүзінен шуақ төгіліп тұра­тын Қантгүл апамыз да – осын­дай болмысы бөлек, мінезі ерек, аяулы ананың бірі. Бүгінде 77 жасқа шығып отырған анамыз Жалағаш ауданына қарасты «Таң» ауылының байырғы тұр­ғы­ны.

Иә, байырғы деп отырға­нымыз, ол кісі 1949 жылы, яғни соғыстан кейін осы ауылда өмірге келді. Сондықтан бала­лық шағы аса қызықты болма­ғаны белгілі. Ертерек есейді, ең­бекке де араласты.

Ата-анасы қарапайым шаруа еді. Ертелі-кеш колхоздың жұ­мысында жүретін. Ал үйдің ша­руасын шамасы келгенше балалар атқаратын. Анасының күнделікті тіршілігін көріп, қолғабыс етіп өскен Қантгүл апамыз  кішкентайынан үй ша­руасын үйіріп әкетті.

Ауыл мектебінен 1957-1965 жылдар аралығында білім алып, бітірген соң комсомол жас­тар бригадасында еңбек жо­лын бастады. Иә, жастар бри­­га­­дасының жұмысы қым-қуыт, аудан басшылығы қайда жұмсаса, сол жерден табылатын. Ауыл шаруашылығының әр са­ласы, құрылыс, мәдени-ағар­ту бағыты болсын, бәрінде бел­сенді еңбек ететін.

Осындай күндердің бірінде, он сегіз жасында ауылдағы абы­ройлы, сыйлы кісінің бірі болған Шағыртай ақсақалдың шаңырағына келін боп түсті. Отағасы Қуанышбай ағамызбен дәм-тұзы жарасып, тату-тәтті өмір сүрді. Ол кісі ауыл шаруа­шылығы саласының білікті ма­мандарының бірі болды. От­басында бес перзент дүниеге келді. Ізетті, инабатты Қантгүл апамыз ауыл үлкендерінің ақ батасын алып, құрметінен жа­ңыл­ған емес. Өкініштісі, ба­ла­ла­рының әкесі Қуанышбай ағамыз ертелеу өмірден өтті. Ендігі тұрмыс-тіршіліктің тіз­гіні өз қолында, балаларды өсі­ріп-жеткізу керек екенін тү­сінді.

Ауылда 1976 жылы жаңа клуб салынған еді. Апамыз Қант­гүл Наурызбаева сол клуб жанынан ашылған кітапхана  меңгерушісі болып  қызмет ат­қарды.

Заманның ыңғайына қарай ота­ға­сымен бірге ауыл шаруа­шы­лығы саласында еңбек етіп, зейнетке шыққанға дейін көп жыл күрішші болды. Ел қатарлы еңбек ете жүріп, балаларын еш­теңеден тарықтырмай өсіріп-жеткізді. Ең бастысы, оларға адал еңбек, маңдай тердің же­місін татқыза білді.

«Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деп атамыз қазақ айтқандай, Шағыртай әке­нің ұрпақтары күні бүгінге дейін егін шаруашылығында ең­бек етіп келеді. Ер баланың үлкені Имамзада жастайынан осы саланың бел ортасында жү­ріп, күріш өндірісін жан-жақ­ты меңгерді. Арада бірнеше жыл­ өткенде «Таң ЛТД» ЖШС егін  шаруашылығын құрып, бү­гінде жүздеген адамды жұ­мыспен қам­тып отыр. Одан бөлек, ауыл­дың әлеуметтік, тұр­мыс­тық мәселелерін шешуде атал­ған шаруа­шылықтың көп­теген жұмыс атқарғаны ел­дің көз ал­дында.

Жылдан-жылға жаңа техно­ло­гиямен жарақтанды­рылып, Сыр маржанын әлемге таратып отырған шаруашылықтың та­бысы еселеп артып, еңбекшілері абырой биігінен көрініп келеді. Соның жарқын көрінісі, бірер жыл бұрын «Таң ЛТД» ЖШС төрағасы Имамзада Шағыртаев Мемлекет басшысының Жарлы­ғымен Қазақстанның Еңбек ері атанды.

Әулеттегі келіндердің үл­кені, Имамзада ағамыздың жа­ры Разия жеңгей шаңырақққа келін болып түскелі қазыналы қариялардың тәлімін алып, қазақы тәрбиені бойына тұтқан, ас әзірлеуде қолы берекелі жан. Осындайда қазақтың: «Балаң би болсын, болмаса да, би түсетін үй болсын» дейтін батасы ойға түседі. Расында, бұл шаңы­рақ­тан талай-талай елге сыйлы жандар дәм татты. Бақ қонып, береке дарыған әулеттің бала­лары мен келіндері бір-бірі­мен тату-тәтті, сәлемі түзу, сый­лас­тығы көпке үлгі. Ал Еңбек ерінің анасы Қантгүл апамыз бүгінде бес баладан немере-шө­бере сүйіп отырған бақытты әже.

Мейірімді жүзінен шуақ тарап тұратын абыз ананы ме­рекесімен құттықтап, Сыр бойы халқы атынан ізгі тілегімізді осылайша білдіруді жөн көрдік.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»