Бүгін «AMANAT» партиясы жанындағы республикалық штабтың мүшесі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ғалым Әміреев Қазақтелеком мекемесі ұжымымен кездесу өткізіп, жалпыхалықтық референдум бойынша ақпараттық-насихат жұмыстарын жүргізді.
Жиында Мәжіліс депутаты еңбек ұжымын ел Президентінің жанына топтасып, Жаңа Қазақстан, Екінші Республика құру идеясын қолдауға және референдумға белсенді қатысуға шақырды.
«Референдум әрбір азаматтың билікке араласуын, биліктің халыққа қызмет етуін, екеуінің арасында алшақтық болмауын негізге алып отыр. Бұл – Үкімет әділ, шынайы әрі ашық болсын деген қағидадан туындаған шешім. Жалпы, елдің өркендеуіне әрқайсымыз үлес қосуымыз керек. Сондықтан алдағы күндері өтетін науқанға біркісідей қатысқандарыңыз абзал.» деді республи¬калық штаб мүшесі Ғ.Әміреев.
Еңбек ұжымымен бас қосуға облыстық штабтың мүшесі Бақдаулет Махашов пен қалалық штабтың мүшелері де қатысып, ел болашағына оң өзгерістер әкелетін бастамаға белсенді қатысуға үндеді.
Кездесу соңында жиналғандар штаб мүшелеріне өз ықылыстарын білдіріп, жалпыұлттық референдум өткізу бастамасын қолдайтындарын және Жаңа Қазақстан құру жолында мемлекетке үлкен сенім артатындарын жеткізді.
Гүлбану МАҚАЖАН.
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<