Өткен ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдары мектепте оқып жүргенімізде, еңбек сабағы болды. Оны сол кездегі замандастарымыздың бәрі біледі. Сол сабақ өз деңгейінде жүргізілді, ұлды да, қызды да шын мағынасында еңбекке баулыды деп ойлаймын. Бесінші кластан бастап қыз балаларға тамақ істеу, қайшы, ине-жіп, мата ұстауды үйретсе, ер балалар күрек, тырма ұстап, балға, қашаумен жұмыс істеуді меңгеруге тырысты, әрине, еш зорлықсыз, қызығушылықпен. Ал сегізінші класқа барған жылы оқушыларды қыркүйек айында екі-үш аптаға күріш масағын теруге алып кететін.
Арамызда мемлекеттік қызметкерлердің де, өзімізге сабақ беретін мұғалімдердің де ұл-қыздары жүрді, бірде-бір ата-ана артық әңгіме айтпаушы еді. Сол сегізінші класта масақ теруге барып келіп, жиырма сомнан еңбекақы алып, табысымызды ата-анамызға көрсету үшін бес-алты бала мектептен екі шақырымдай жердегі үйімізге дейін жүгіріп келгенімізді әлі ұмытқаным жоқ. Ал тоғызыншы класта қыркүйек айында Қарақұмның Баршақұм деген жеріне біздің кластың оннан аса ер баласын екі аптаға қой креолиндеуге алып барды. Мұның қалай жүзеге асырылатынын малшы қауым жақсы білетін шығар. Есімде қалғаны, бетоннан құйылған ұзындығы шамамен 20 метрдей, тереңдігі 1 метр арыққа су толтырып креолин эмульсиясын араластырғанда, судың түсі сүттен айнымай қалады. Соған біздер түске дейін бір отар, түстен кейін бір отар қойды шомылдырып шығарамыз.
Ондағы мақсат – қойлардың кенеден, құрттаудан, өзге де түрлі паразиттерден аман болуы. Әдепкі күні қиындау болғаны рас. Қиын болған себебі, ылғи ақ меринос қойлар қазақы қойдан ірі әрі қыркүйек айы нағыз семіретін уақыты, арасында мүйізі оратылған қошқарлары бар, қой малының қырсықтығы қосымша, мойнынан, мүйізінен тартқанға көне қоймаған.
Бізге бас-көз болып жүрген үлкендер қойдың артқы бір аяғынан ұстап арықтың тұсына әкеліп мойнын арыққа қарай бұрып итере салатын әдісін үйретуі сол екен, қойларды дәріленген арыққа артқы бір аяғынан ұстап дырылдатып сүйреп әкеліп бір-біреуден кезекпен тастай бастадық. Арық ішімен жүзіп бара жатқан қойды қолында аша таяғы бар бір бала мойнынан басып, басын ара-тұра батырып отырады. Себебі, қойдың дәрі тимеген жері қалмауы керек. Қой жүзіп отырып, бетон арықтың оңтайлы етіп салынған арғы жағынан құрғаққа шығып кетеді. Бұған қоса, біздер әрқайсымыз кезектесіп күнделікті бір шопанға еріп кетіп, алыс-жақын жердегі отарларды айдап әкелуге де көмектесіп жүрдік. Осылайша тоғызыншы кластың оқушылары, өзімізге сеніп тапсырылған шаруаны абыроймен орындап қайтып, сабағымызға қосылдық, кейін де болашағымыз жаман болған жоқ.
Мұны мысал қылғандағы себебім, мектеп жасында болсақ та, сол кездегі еңбекке баулудың қазіргіге қарағанда тәртіпке, тәрбиеге, еңбектің қадірін сезінуге негізделген әлдеқайда өзгешелігі еді. Мүмкін, сәл қаталдық болған шығар, бірақ дәл қазіргідей көп жағдайда «шыбық тимей, шыңқ етерлік», үпілеп-сүпілеуден, сәл нәрсеге мұғаліммен ілінісе кетіп заңға жүгінуден, шөптің басын сындырмаса да, телефон алып беріп телміртіп қойғаннан, оқушыны сол ережеге негізделген еңбекке баулу әлдеқайда артық па деп ойлаймын.
Тәжік-кеңес жазушысы, ғалым, қоғам қайраткері Садриддин Айнидің ұлы мен қызы Мәскеу қаласының жоғары оқу орнында білім алған көрінеді. Жазушы ай сайын пошта арқылы ұлына да, қызына да ақша салып отырыпты. Ұлына аздау салады екен де, қызына көптеу салыпты. Осыны ұзақ уақыт бақылаған пошта қызметкері жазушыға: «Екеуі де өз перзентіңіз емес пе, неге біріне артық, біріне кем саласыз?» дейді. Сонда Айни: «Оныңыз рас, екеуі де перзентім және бірін артық, бірін кем көрмеймін. Кішкене күнінен еңбектің ащы дәмін де аздап таттырдым. Ал екеуіне екі түрлі қаражат салатын себебім, ұл баланы тоқшылық, қыз баланы жоқшылық бұзуы мүмкін бе деген сақтық қой…» деген екен.
Әрине, бұғанасы қатпаған баланы балалығынан айырмаған да, қосымша сабақтарға да қатысқаны дұрыс шығар. Бірақ дәл бүгінгідей құбылып тұрған алмағайып заманда толып жатқан жаман әдеттен аулақ болсын десек, болашағы мүмкіндігінше бекем болсын десек, ащы тердің тұщы дәмін аздап болса да сезініп өссін десек, мектеп қабырғасынан-ақ нағыз еңбектің ертеңгі болашағын елестете бергені дұрыс болар еді. Өйткені, ұшпаққа шығаратын сандық технология мен ер атандыратын қарапайым жұмысшы мамандығы да қатар жүріп отыратыны өмір шындығы.
Әлімжан ҚИЯС.
Қазалы ауданы





