Ер есімін еңбек шығарады

370

0

Ер есімін еңбек шығарады Жаңақорған  ауданының Екпінді ауылында  Еңбек ардагері, ҚазКСР Жоғарғы кеңесінің депутаты, екі рет «Құрмет белгісі» және Ленин орденінің иегері, тракторист, күрішші-механизатор Қалипа Түлкібаеваның 100 жылдығына арналған «Мерей мәртебесі мәңгілік ана» атты достық рәуіштегі аймақтық ақындар айтысы өтті.

Айтулы шараны Жаңақорған ауданының әкімі Ғалым Әміреев ашып, еңбек майталманы Қалипа Түлкібаева туралы толымды пікірін ортаға салды. 

Айтысқа Астана қаласынан Мұхтар Ниязов, Алматы қаласынан Мөлдір Айтбай, Оңтүстік Қазақстан облысынан Карима Оралова, Ақмарал Леубаева, Өзбекстан Республикасынан Бөрібай Оразымбетов және Жаңақорған ауданынан Әбілхайыр Сыздықов қатысты. Айтысты қызылордалық ақын Мамыр Байдәулетов жүргізді. Ақындар сайысы алдында аудан өнерпаздары тартымды көрініс көрсетті. Онда Қалипа Түлкібаеваның өмір жолынан үзік сәттер көрсетіліп, композитор Б.Байкенжеевтің «Қалипа» әнін Әбсұлтан Байкенжеев тамылжыта орындады.

Айтыс майталмандары қатысқан шара тартысқа толы болды. Ақындар Қалипа Түлкібаеваның ерен еңбегін кеңінен жырлап, жиылған жұрттың ықыласына бөленді. Шара соңында Жаңақорған аудандық мәслихат хатшысы Ерғали Ильясов, аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Айтбембет ақындарға рахметін айтып, алғыс хаттар мен ақшалай сыйлықтарды табыс етті. 

Нұрмахан ЕЛТАЙ.

Жаңақорған ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<