Еріктілер – озық ойлы қоғамның айнасы

4

0

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВТЫҢ

ВОЛОНТЕРЛЕР ФОРУМЫНДА СӨЙЛЕГЕН СӨЗІ

Құрметті еріктілер!

Қадірлі қауым!

Баршаңызға Волонтерлер фору­мының ашылуы құтты болсын!

Бұл – шын мәнінде ерекше басқосу. Бәріңіз де бүгінгі форумға еліміздің әр аймағынан келіп жатсыздар. Мен Сіздерді қоғам игілігі үшін қызмет етіп жүрген Қазақстанның нағыз отаншыл, жасампаз және қамқор жастары деп санаймын.

Биыл бүкіл әлем Халықаралық еріктілер жылын атап өтуде. Өздеріңіз білесіздер, бұл бастаманы мен Біріккен Ұлттар Ұйымының 75-ші сессиясында көтердім. Еліміздің ұсынысы жаһан­дық ауқымда қолдау тапты. Біз өркениетті ел ретінде күллі адамзатқа ортақ құн­дылықтарды дәріптейміз, оны келешек ұрпаққа аманат етеміз.

Ерікті болу – игі істер жасау, жақсылық істеп, басқаға үлгі көрсету, Отаныңа адал қызмет ету, туған жеріңе жанашыр болу деген сөз. Ниеті түзу, жаны таза адамдар осы жолды таң­дайды, еріктілер қатарына қосылып, қажырлы еңбек етеді. Еріктілерді озық ойлы қоғамның айнасы деп айтсақ, артық болмайды. Нағыз волонтер тұтас қоғамның игілігін ойлайтын, еліміздің мұрат-мүддесін биікке қоя­тын саналы азамат екені сөзсіз. Осы орайда, бүгін мен барша еріктілерге шынайы алғысымды айтамын. 

Сіздер барлық игі істің басы-қасында, халқымыздың арасында жүрсіздер! Еліміздің дамуына елеулі үлес қосып келесіздер. Жаңа ғана бірнеше азамат сөз сөйледі, салмақты ойларын ортаға салды. Ұтымды ұсыныстарын жеткізді. Олардың көбін мен қолдаймын, ең пайдалы ұсыныстарыңызды жүзеге асыруға тапсырма беремін. Халқымыз «Ақыл – жастан» деп бекер айтпаған. Қазақ­станның болашағы – осындай белсенді әрі жігерлі ұл-қыздарымыздың қо­лында. Бәріңізге «Жарайсыздар!» деп айтқым келеді.

Қазақ – болмысынан кеңпейіл халық. Қиналған адамға қол ұшын беру – ұлтымыздың бойында бар асыл қасиет. Бабаларымыз жақыныңа жана­шыр болуды, табиғатты аялауды адам­гершіліктің белгісі санаған. Әрдайым ынтымақ пен бірлікті сақтап, тату-тәтті өмір сүруді ұрпағына өсиет еткен. Ұлы Абай «толық адам» болудың бір шарты – жұртқа жақсылық жасау, шапағатыңды тигізу деген. Сіздер осы өсиетке сай еңбек етіп, «Адал азамат» деген атқа лайықты істерді атқарып жүрсіздер. Әсіресе, сын сағаттарда волонтерлеріміз кез келген шаруаға зор жауапкершілікпен қарап, белсенді жұмыс істеуде. Пандемия кезінде еріктілердің ерлігіне бүкіл ел куә болды. Күрделі кезеңде мыңдаған волонтер алдыңғы шепте еңбек етті. Олар дәрігерлерге, тәртіп сақшы­ларына, мұғалімдерге, мұқтаж жан­дарға көмектесті. Алапат тасқын кезінде еріктілер құтқарушылармен бірге ортақ іске атсалысты. Апат күндері 50 мың волонтер табанды жұмыс істеді. Жалпы, мұндай мысалдар аз емес, көп.

Халқымыз «Жақсыны ісінен таны» деген. Сіздер қазақтың мейірбан ұлт екенін іс жүзінде көрсетіп жүрсіздер. Баршаңызға мәлім, мен Мемлекет басшысы ретінде еріктілер қозға­лысына ерекше мән беремін. Қазақстан «волонтер болам, қоғамдық іспен айналысам» деген әрбір азаматты қолдайды. Қазір елімізде 1 ұлттық және 20 аймақтық фронт-офис табысты жұмыс істеп тұр. Еріктілердің саны да артып келеді. 2020 жылы Қазақстанда 50 мың волонтер бар еді. Қазір олардың қатары 300 мың адамға жетті. Елге пайдалы жұмыспен айналысатын ұйымдардың саны төрт есеге жуық өсіп, 800-ден асты.

Қазіргі таңда еріктілеріміз экология, білім, мәдениет және басқа да салалар бойынша маңызды бастамалар көтеруде. Соның ішінде «Жас ағаш», «Эко бақылау», «Білім волонтерлері» жоба­ларын ерекше атап өтуге болады. Осындай іс-шараларға 100 мыңға жуық ерікті қатысты. Әр бастаманың елге, қоғамға берер пайдасы мол. Мен өздеріңіз сияқты жасампаз жастарға зор үміт артамын. Біз бәріміз бір ел болып, ауқымды шаруа атқардық. Енді тоқтамай, тек қана алға қарай жүру үшін заман ағымына сай болу өте маңызды. Сондықтан еріктілер қозғалысын дамытуға қатысты бірнеше өзекті мін­детке тоқталайын.

БІРІНШІ. Волонтерлік қызметте жаңа технологияларды кеңінен пай­далану керек. Мен Жолдауымда Қазақстан үш жыл ішінде толық цифрлық ел болуға тиіс деген міндет қойдым. Соған сәйкес нақты жұмыс істеліп жатыр. Ел өмірінің барлық саласына озық технология тәсілдері, әсіресе, жасанды интеллект жүйесі енгізіле бастады. Еріктілер қозғалысы да бұл жұмыстан шет қалмауы керек. Мен волонтердің цифрлық паспортын жасау туралы ұсынысты толық қолдаймын.

ЕКІНШІ. Халықаралық ықпалдас­тықты арттыру міндеті тұр.

Қазақстан БҰҰ Еріктілер бағдар­ламасына атсалысып келеді. Бұл біздің азаматтарымызға жаһандық волон­терлік құрылымдарда бірегей тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді. Ерік­тілеріміздің осы Бағдарламаға алдағы уақытта да қатысуын қамтамасыз ету маңызды. Тәжірибе алмасуға және халықаралық деңгейдегі волонтерлік бастамаларды үйлестіруге арналған жаңа платформалар құру қажет деп санаймын. Қазақстан БҰҰ-мен қатар ШЫҰ, АӨСШК, ТМД секілді маңызды ұйымдар аясында еріктілер қозғалысын дамытып жатыр. Мәселен, биыл біздің бастамамызбен Қазақстанда Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше елдер еріктілерінің алғашқы форумы өтеді. Өздеріңізге мәлім, еліміздегі Халық­аралық еріктілер жылы «Орнықты ке­лешек үшін бірге!» ұранымен өтуде. БҰҰ қолдауымен Астанада биыл сәуір айында өтетін Өңірлік экологиялық саммиті аясында волонтерлер үшін арнайы сессия ұйымдастыру жоспар­ланып отыр. Бұл іс-шара экология саласындағы үздік волонтерлік жоба­ларды жүзеге асыруға ықпал етпек. Бұдан бөлек, Каспий теңізіндегі іс-қимыл апталығы мен Арал маңындағы табиғатты қал­пына келтіру жөніндегі халық­аралық волонтерлік апталық өткізу көзделген. Аталған жиындарға түрлі мемле­кеттерден еріктілер шақы­рылады. Кең-байтақ өңіріміздің қайта­ланбас экожүйесін сақтауға бағытталған бұл бастамаларды қолдаймын.

ҮШІНШІ мәселе. Аза­мат­тардың эколо­гиялық мәдениетін арттыру қажет. Бұл – өркениетті қоғамға тән өте маңызды құн­дылық. Бүгінде еріктілер елді мекендерді көркейтуге белсене атсалысып жүр. Олар был­тырдың өзінде «Таза Қазақстан» аясында өткен 1300-ден астам іс-шараға қатысты. Сондай-ақ волон­терлер ағартушылық сипаттағы түрлі бастамаға ұйытқы болды. Осындай игі істер арқылы елімізде жаңа эко­логиялық мәдениет қалыптасып жатыр. Бұл бағыттағы жұмысты күшейте түсу керек, себебі экологиялық мәдениеттің жоғары болуы кез келген елдің озықтығы мен жасампаздығының айқын көрінісі. Ал Қазақстан ең дамыған елдердің қа­тарында болуы қажет, бұл – біздің ұлт­тық стра­тегия­мыздың аса маңызды бөлігі. Әсіресе, кәсіби эковолонтерлерді даярлап, әр аймақта тұрақты ұжымдар­ды жасақтау өте маңызды. «Таза Қазақ­стан» қозғалысын ұлттық идея және мем­­лекеттік саясат ретінде міндетті түр­де кеңінен дәріптеп, жалғастыру қажет.

ТӨРТІНШІ. Волонтерлікті дамыту үшін мемлекет деңгейіндегі жаңа жүйелі шаралар қажет. Биыл еріктілер ісін дамытуға арналған үш жылдық Жол картасын іске асыру мерзімі аяқталады. Сондықтан Үкімет 2030 жылға дейінгі кезеңді қамтитын жаңа мазмұнды құжат әзірле­гені жөн. Бұған дейін қабылданған шаралардың тиімділігіне баға беру және Қазақстанның халықаралық міндет­те­мелеріне сай волонтерлік қозғалысты нығайту үшін қосымша ынталандыру тетіктерін қарастыру маңызды.

БЕСІНШІ. Корпоративтік еріктілер қоз­ғалысын дамыту – өте маңызды міндет. Бизнес әлеу­меттік жауап­кер­шілікті сезіне білуге тиіс. Мем­лекетіміз ұлттық буржуазияны үнемі қол­дауда, ал біздің кәсіпкерлер халқымызға қамқор болып, әрдайым көмектесуі керек. Тарихта мұндай мысалдар аз емес. Бақуатты азаматтар мектеп салып, оқу-ағарту ісін дамытуға үлес қос­қан. Кітаптар, газет-журналдар шығаруға, халық­тың сауатын ашуға зор еңбек сіңірген. Бір сөзбен айтқанда, ұлттың бойында, болмысында жаңа қасиеттер қалыптастыруға белсене атсалысқан.

Қазір де көптеген жомарт жанды азаматтарымыз бар. Олар қайырым­ды­лық және басқа да әлеуметтік маңызы бар шараларға еріктілерді көптеп тар­татын болды. Бизнес өкілдері корпо­ративтік волонтерлік қызметке назар аударып, осы бағыттағы жобаларға барын­ша қолдау көрсетуі керек. Қызмет­керлердің қоғамдық жұмысқа белсене атсалысуына жағдай жасауы қажет. Мемлекет жұртқа жақсылық жасап, қоғамдық істерге ұйытқы болып жүрген кәсіпкерлерді қол­дайды. Сондықтан мен былтыр арнайы «Мейірім» орденін тағайындау туралы шешім қабылдадым. Бұл марапат халықтың қамын ойлайтын отаншыл азаматтарға деген шынайы құрметтің белгісі болмақ.

Қымбатты достар!

Волонтерлер форумы елдің тағдыры, ұлттың болашағы айқындалатын шешу­ші сәтте өтіп жатыр. Мен былтырғы Жолдауымда алдағы саяси жаңғырудың негізгі бағыттары туралы ұсыныс­та­рымды айттым. Бұл бастамалар қоғам­ның кең қолдауына ие болды, оны бүкіл ел болып талқыладық. Жарты жылдан бері конституциялық реформаға қа­тысты қызу пікірталас жүріп жатыр. Партия­лардан, депутаттар мен сарап­шылардан, заңгерлер мен қоғам белсенділерінен мыңдаған ұсыныс келіп түсті. Онда мемлекеттің инсти­туцио­налдық негіз­дерін өзгертуден бастап, Ата Заңның мәтінін редакциялауға дейін, өте көп мәселе қамтылды. Азамат­тардың белсен­ділігін ескере отырып, мен Ұлттық құрылтайдың Қызылор­дадағы отыры­сында бірқатар бастаманы жұртшы­лықтың назарына ұсындым. Оның бәрі бүкіл мемлекетті басқару жүйесін тиімді, орнықты әрі теңгерімді етуді көздейді. Барша әлем өзгеріп, заман бұлыңғыр болып тұрған қазіргі алмағайып кезеңде, бұл – өте маңызды мәселе.

Халықтан келіп түскен ұсыныс­тарды жүйелеп, жинақтау үшін Консти­туциялық комиссия құрылды. Оның құрамына барлық аймақтың өкілдері мен түрлі санаттағы азаматтар, халық қалаулылары, орталық атқарушы органдардың бас­шылары, құқықтанушы ғалымдар, тіл мамандары және белсенді жастар кірді. Қоғам өкілдерін қамту ауқымы, кәсібилік пен азаматтық жауапкершілік тұр­ғы­сынан алғанда, мұндай комиссия елімізде бұрын-соңды болмаған деп сеніммен айтуға болады. Комиссия жұмысы елі­міздің қоғамдық-саяси өміріне тың серпін берді. Комиссия мүшелері консти­туциялық реформаға қатысты әр мәсе­лені егжей-тегжейлі қарап, жан-жақты талқылап, ауқымды жұмыс ат­қарып жатыр. Осыған дейін Комиссияның 5 отырысы өтті. Оның бәрі әлеуметтік желіде тікелей эфирден көрсетіліп, ақ­парат құралдары арқылы кеңінен тара­тылды. Мен талқылау барысын мұқият қадағалап отырмын. Осы орайда, Ата Заңымызға қатысты көптеген про­грес­сивті, инновациялық ұсыныс берілді деп сеніммен айта аламын. Түптеп келгенде мұның бәрі еліміздің Ата Заңына негіз болады. Бұл әлемде қалыптасқан қазіргі күрделі кезеңде біртұтас Қазақстан халқына бағыт сілтейтін маңызды құжатқа айналады деп сенемін.

Конституция, бұл – кез келген елдің ең басты жол көрсететін құжаты, темірқазығы. Консти­туцияны бәріміз білуіміз керек, бағалауымыз қажет. Сондықтан егер болашақта Консти­туцияға қандай да бір өзгерістер, тіпті шағын өзгерістер енгізу керек болып жатса, ондай қадамды тек референдум арқылы ғана жасауға болады деген ойдамын. Бұл да халқымыздың азамат­тық құқығын күшейтудің маңызды тәсілі деп сенемін.

Тағы бір айта кететін маңызды жайт: Комиссия Конституцияға қатыс­ты ұсы­ныстың бәрін мұқият саралап шықты. Мұқият ойластырылған түзетулер Конституцияның барлық негізгі бөлім­дері мен баптарын, преамбуласын түгел қамтитын болады. Кешегі оты­рыстағы пікір­таласта Комиссия мүше­лері «Ата Заңға енгізілетін өзгерістер ауқымына қарасақ, жаңа Конституция қабыл­дауымыз керек» деген байлам жасады. Шын мәнінде, ұсынылған түзетулер жобасы елді инсти­туцио­налдық-құқықтық тұрғыда жаңғыртумен ғана шектелмейді. Сонымен бірге бұл қадам тұтас мемлекеттік жүйені қайта түзуге жол ашады. Түбірімен өзгерген, мүлдем жаңа құжаттың бейнесі қалыптасты.

Ата Заңымызда жарқын болашаққа нық қадам басқан бүгінгі Қазақстанның тұғыры әбден бекіген мемлекет ретіндегі идеалдары, қағидаттары мен басым­дықтары көрініс табады. Әрине, қол­даныстағы Ата Заң Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде дамуына елеулі үлес қосты. Мұны ешкім жоққа шығармайды. Сондық­тан былтырғы 30 тамызда Конституцияның 30 жылдығын кеңінен атап өттік.

Комиссия мүшелері ұсынған заңна­малық ережелерде адам құқықтары бәрінен жоғары тұратыны және адам капиталы ең қымбат құндылық екені айқын көрсетілген. Сондай-ақ әр аза­маттың өз әлеуетін іске асыруға теңдей мүмкіндік беретін әділ қоғам құруды көздейді. Ғылым-білім, инновация сала­ларын дамытудың маңызына ерекше назар аударылып отыр. Жаңа тарихи кезеңде еліміздің цифрлық дәуірге бейімделуі жеткіліксіз. Жасан­ды интел­лект және басқа да озық технологиялар біздің қоғамға қыз­мет етуі қажет. Сондықтан даму көшінің бағытын нақты айқын­дауымыз керек. Ата Заңымызда адам­­гершілік құндылықтарды ерек­шелеп, бөлек жазу ұсынылды. Бұл да – өте маңызды. Басқаша айтқанда, адам жасанды интеллектіге қызмет етпейді, керісінше, адамзаттың ақыл-ойынан туындаған жасанды интеллект тұрмыс-тіршіліктің барлық саласында толайым табысқа жетуі үшін азаматтарға көмектеседі.

Конституцияда гуманитарлық құн­ды­­лық­тарды қалыптастыру маңызды деп санаймын. Атап айтқанда, жалпы­ұлттық бірегейлікті нығайтуға, таби­ғатты аялауға басымдық беру жөнінде сөз қозғап отырмыз. Бұл мәселе бүгінгі баяндамашылардың сөзінде қамтылды. Идеяларыңызды қолдаймын. Сонымен қатар бай мәдени мұрамызды сақтауға, дәріптеуге бағытталған волонтер­леріміздің қызметін де қуаттаймын. Конституцияға енгізілетін өзгерістер еліміздің дамуын жаңа әрі сапалы деңгейге көтереді. Бүкіл мемлекеттік жүйені қайта құрып, билік пен қоғамның ықпалдастығын жетілдіре түседі. Ұсынылған түзетулердің ішінде жауапты әрі жасампаз отаншылдық туралы идея бар. Патриотизм – құр ұран емес. Бұл қасиетті ұғымға жауап­кер­шілікпен қараған абзал. Мен бұл жайында жақын­да өткен Ұлттық құрыл­тай отырысында айтқан болатынмын.

Отаншыл азамат дегеніміз – жауапкершілігі жоғары және жасампаз азамат. Мен еліміздегі әрбір еріктіні – баршаңызды дәл осындай нағыз отаншыл азаматтар деп санаймын. Жауапты әрі жасампаз патриотизм идеясы әрбір волонтердің жанына жақын. Менің бұған еш күмәнім жоқ. Әрбір азамат өзінің және қоғамның игілігі жолында күнделікті адал еңбек етіп, әлемді жақсарта түсуге ұмтылуға тиіс. Отанға деген шынайы сүйіспеншілік – осы.

Танымал қоғам қайраткері пастор Мартин Лютер Кинг «I have a dream», яғни «Менің де арманым бар» деген еді. Сондықтан «мына әлемді жақсарта түсемін» деп армандаңыздар. Мұ­раттарыңызға жетесіздер деп ойлаймын.

Құрметті достар!

Әлемдегі ахуалды көріп-біліп отырсыздар. Түрлі қақтығыстар мен шие­леністер ушығып, бола­шақты бол­жау қиынға соғуда. Соған қара­мастан еліміз өсіп-өркендеп келеді. Біз табанды еңбектің арқасында барлық мақсат-мұратымызға жетеміз. Кез келген сын-қатерге төтеп береміз. Өскелең ұрпақтың көзі ашық, көкірегі ояу, ұқыпты, тәртіпті, жинақы болғаны, жақсы мен жаманды айыра білгені айрықша маңызды.

Тағы да атап өткім келеді: мен хал­қымыздың, әсіресе, жас буынның күш-жігеріне, жасампаз рухына сенемін. Қазақстан – біздің жалғыз Отанымыз, бәріміздің қастерлі ме­кеніміз. Елімізді ешкім сырттан келіп көркейтіп бермейді. Қазақстанның мықты, қуатты, озық болғаны тек бізге ғана керек. Сүйікті Отанымызды көркейту, яғни Заң мен тәртіп үстемдік құрған, Әділетті, Қауіпсіз әрі Таза Қазақстанды құру – баршамызға ортақ міндет. Осы міндетті орындау үшін бәріміз бір қоғам болып еңбек етейік, достар!

Жолдарыңыз әрқашан ашық болсын! Аман болыңыздар!