Еріктілер су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтарға арналған өнімдерді «ұрлады»

296

0

Сурет: Telegram/qr_tjm

Петропавлда полицейлер еріктілердің әрекеті туралы жалған ақпарат таратқаны үшін қала тұрғынын жауапқа тартты. Бұл туралы 2024 жылғы 18 сәуірде Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Петропавлда 47 жастағы әйел әкімшілік ғимараттардың бірінің артындағы аумақта азық-түлік пен басқа да қажетті заттарды тиеп жатқан еріктілерді видеоға түсіріп алған. Волонтерлар гуманитарлық көмекті ұрлап жатыр деген ой келген. Бірақ бұл күдігі туралы бірден полицияға емес, WhatsApp желісіндегі топқа хабарлаған. Өзі және басқа адамдар бар топтағы бейнежазба әп-сәтте TikTok желісіне тарап кеткен.

«Осылайша, облыс орталығының тұрғыны жалған ақпараттың тарауына жол берді. Мұны СҚО ПД экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында анықтады. Өңірде су тасқыны басталғалы бері жалған ақпараттың таралуының жолын кесу мақсатында тәртіп сақшылары интернет-кеңістікті бақылауды күшейтті», – делінген хабарламада.

Полиция қызметкерлері «азық-түлік ұрланып жатыр» деген хабарламаны тексерді. Шын мәнінде, тиеліп жатқан жүк Есіл өзенінің тасуынан зардап шеккен Қызылжар ауданының Большая Малышка ауылына жіберілген.

«Ойланбастан асығыстық жасаған Петропавл тұрғыны әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – делінген ҚР СҚО ПД баспасөз қызметі хабарламасында.

Айта кетейік, өңірдегі су тасқыны кезеңінде алаяқтардың тасы өрге домалап тұрғанын жеткізген болатын.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<