Еріктілер қайырымдылық шыршасына үн қосты

244

0

Жаңа жыл қарсаңында Қызылорда облысы еріктілерінің бастамасымен ұйымдастырылған әлеуметтік топтағы отбасылардың балаларына арналған қайырымдылық шыршасына Сыр өңіріндегі Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары да қолдау көрсетіп, шаттық пен қуанышқа толы мерекелік бағдарлама сыйлады.
Жыл сайын өткізілетін жаңа жылдық шыршаға биыл 200-ден астам балдырған қатысты. Сиқырға толы ертегі әлеміне саяхат жасаған балалар аяз ата мен ақша қардың қызықты ойындарымен көңілдерін көтеріп, ертегі кейіпкерлерімен бірге ән шырқап, би биледі.
«Жаңа жыл – қуаныш пен шаттықтың мерекесі. Осы ретте біз ерекше қамқорлықты қажет ететін балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлауды жөн көрдік. Бұл бастамаға көптеген еріктілер топтары бірігіп игілікті істің жоғары деңгейде өтуіне ат салысты», – деді Зияткерлік мектептің өзін-өзі басқару ұйымының көшбасшысы Томирис Жұмағалиева.
Жылдың ең басты мерекесінде бүлдіршіндерді ерекше тосынсыйлар күтіп тұрды. Осы күні Інжу есімді ханшайымның жасына жас қосылып, жаңа достары туған күніне тәтті тоқаш сыйлады.
Жанашыр қызылордалықтардың қолдауымен жүзеге асқан қайырымдылық шыршасында қуанышқа кенелген балақайлар мен олардың ата-аналары ризашылықтарын білдіріп, ұйымдастырушыларға алғыстарын жеткізді.
 

 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<