Ерлан Тұрғымбаев екі айға қамалды

570

0

Фото: ОҚК

Бас прокуратура бұрынғы Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың екі айға қамалғанын растады. 

Ведомствоның мәліметінше, Астана қаласының мамандандырылған тергеу соты 30 сәуірде бұрынғы министр Ерлан Тұрғымбаевқа қатысты екі ай мерзімге «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялаған. 

«ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жариялауға жатпайды» дейді Бас прокуратурадан.

Еске сала кетейік, экс-министр сәуірдің соңында 2022 жылғы қаңтар оқиғасы кезінде қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген бап негізінде қозғалған іс бойынша ұсталды.

Айта кетейік, Ерлан Тұрғымбаев ҚР Ішкі істер министрлігін 2019 жылдан бастап басқарды. 

Ол лауазымынан қаңтар оқиғасынан соң 2022 жылы босатылған болатын.

Бұдан соң ол жарты жылдай Президенттің кеңесшісі, ал 2023 жылы ШЫҰ Өңірлік терроризмге қарсы құрылымының кеңесшісі қызметіне тағайындалды. 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<