Ерлік даңқын ел ұмытпайды

104

0

Адамзат тарихындағы ең сұра­пыл соғыстың оты сөнгеніне 80 жылдан асса да, оның зардабының ізі, жаңғы­рығының даусы өшкен жоқ. Содан бері төрт-бес ұрпақ ауыс­са да, соғыс солдаттарының қа­тары сиреп, көзі кетсе де, ерлер есі­мі ұмытылмақ емес.

Қан майданнан оралғандар сыз­дат­қан тән жарасы мен жан жа­­расына қа­рамастан еңбекке ара­­ласты. Соғыстан титықтаған ша­руа­шы­лықтарды аяқ­тан тік тұрғы­зуға белсене кірісті. Соны­мен қа­тар, отбасын құрып, ұрпақ өр­біт­ті. Оларға тәлім-тәрбие берді, бар мен жоқтың, бейбіт күннің, ағайын-туыс­тың қадірін білуді үйретті.  

Соғыстың суық хабары келгенде қазіргі Сырдария ауданының Шір­кейлі ауылында туып-өскен Дүй­сенбай Мұ­саұлы өз қатарлас­тары секілді жеті­жылдық білім алған, он сегізге енді ғана толған жас жігіт еді. Алда күтіп тұрған алыс жолдың, асу бермес өт­кел­дің азапты екенін сезгенмен, ер жігітке елі аманат артып отырғанын да жете түсінді. Бір жылы туған, тай-құлындай тебі­сіп өскен жігіттер беймәлім сапар­ға бір күнде аттанды, артта туып-өс­кен ауыл, ағайын-туыс, көз жасын жау­­лығының ұшымен сүртіп аналар қалды. 

Бұл 1942 жылдың тамыз айы еді. Екінші дүниежүзілік соғыстың ең ауыр кезеңі. Соғыс тарихы туралы дерек­тер­ге қарағанда, сол уақытта қызыл армия Солтүстік-Батыс, Ха­рь­ков түбінде және Қырымда ірі же­ңі­лістерге ұшыраған. Мұндайда жау әскерінен қажырлы қор­ғаныс керек. Міне, осындай сындарлы шақта өрімдей жас жігіттерге де ша­қырту келді.

Дүйсенбай ата алдымен Ашхабад қаласындағы №7 әскери училищеде жеті ай кіші командирлікке машық­тан­ды. Оны бітірген соң 1943 жылы 28 наурызда Бұқара қаласында әс­керге алын­ған жауынгерлерді 3 ай оқытып жат­тық­тырды.

Сол жылдың қыркүйек айында Курск қаласын, Украинаның Сумск об­лысының аудандарын жау әскер­ле­рінен тазартуға қатыс­ты. Курск шайқасының екінші дүниежүзілік соғыстың бағыт-бағдарына елеулі әсер еткені, шешуші рөл атқарғаны тарихтан белгілі. Сол жер­де қан­ша­ма адамның қаны төгіл­ді, үміттер өшті, боздақтар жер жас­тан­ды… Осы кескілескен ұрыста бом­ба жа­рық­шағынан жарақат алған Дүй­сенбай ата бір ай госпитальда жатты. Емделіп шыққан соң 60-армия­ның 248-бригадасында Днепр бойын­дағы қорғаныста болды.

Тағы сол соғыс тарихын па­рақтасақ, 1943 жылдың орта шені­нен бастап қызыл армия Днепр өзе­нін алуға бар күшін жұмсаған. Жау әскері бекініс құрған Днепрден өту операциясы ке­зінде қаншама боз­дақ шейіт кетті. Дүйсенбай ата 1943 жылғы 7 қазанда таңғы сағат 4-тің шамасында 24 қа­йыққа мінген 400-дей солдаттың бірі болып се­бе­леген жау оғының астымен Днепр­ден өткен. «Кеңес Одағының Ба­ты­ры» атты ең жоғары атақтың осы Днепрден өту операциясынан кейін көптеп берілуі бұл майданның қан­ша­лықты ауқымды, қаншалықты сұра­пыл болғанын білдірсе керек.  

Жас жауынгер осыдан 4 күн өткен соң, яғни 11 қазанда Тала­хун  ауданын жау әскерінен тазар­ту ке­зінде ауыр жараланды. Госпиталь­да 6 ай жатып емделіп, 1944 жылдың наурызында І топтағы мүгедек бо­лып елге оралған. Соғыс салған жа­рақат бірталайға дейін жазылмай, еңбекке араласуға мұрша бермеді.

Бейбіт күннің берекесі еңбекте емес пе? Дүйсенбай Мұсаұлы елдің аузын аққа жеткізген, қамбада дән тасытқан егін шаруашылығында жұ­мыс істеді. Ақ маржанды баптаған күрішші, сушы, звено жетекшісі бол­ды. Сол жылдары бірге еңбек ет­кен кісілер оның ескі әңгімелерге жүй­ріктігін, шешендігі мен шежі­ре­шілігін айтып отырады. Да­ла қосында, ас үстінде басынан өт­кен­дерін, естіген-көргенін, көңілге түй­генін әңгімелегенде тыңдаушылар тә­лім алатындай етіп жеткізеді екен.  Кеу­десіне қазына жинаған жан ға­сырға жуықтаған ұзақ ғұмырында осы өнегелі сөздерін жас ұрпақтың жадына тоқи білді.

Базар әжемен бірге 9 бала тәр­биелеп, 34 немере, 62 шөберенің өсіп-өнгенін көрді. «Сырдария ау­да­нының Құрметті азаматы» атан­ды. «ІІ дәрежелі Отан соғысы», «Құрмет белгісі» орден­де­рімен, «Г.Жу­ков­тың 100 жыл­дығы», «КСРО Қарулы күш­теріне 50 жыл», «Ұлы Же­ңістің 20, 30, 65 жыл­ды­ғы», «Қазақстан Рес­публикасы Тә­уел­­сіз­­дігінің 10 жылдығы», «Украи­наны азат етудің 60 жылдығы» ме­­дальдары­мен, В.Лениннің 110 жыл­­ды­­ғына орай, Қар­мақ­шы аудандық «Жыл құры­лыс­­шы­сы» алғыс хаттары­мен ма­ра­пат­талды.

Балаларын ізгілікке үндеген, үл­­кенге құрмет пен кішіге ізет­тің жолын көрсеткен Базар Әбдіке­рім­қызы ұр­па­ғына мыңжылдық азық бола­тын өне­ге қалдырды. Жас­та­йы­­нан тартқан бей­неттің зей­нетін кө­ріп, Алланың берген жасын жа­са­ды. Шү­кіршілігінен танбай, бала­ла­рының, немере-шөбере­лерінің, аға­йын-туыстың тілеуін тілеп өтті.       

Бүгінде соғыс және еңбек ардагері Дүйсенбай Мұсаұлы мен Батыр ана Базар Әбдікерімқызынан өрбіген ұр­пақ бір қауым елге айналды. Ата-ана өсиеті мен өнегесін бойға тоқыған ұл-қыздары мен немере-шөберелері Сыр­дария ауданына қа­расты Шіркейлі ауылындағы Ә.Жә­мішев атын­дағы №129 мектеп-ли­­цейдің тарих кабине­тін заманауи құ­ралдармен толық жаб­дық­тап, ауыл балаларының игілігіне берді. Енді тарих кабинеті Дүйсенбай Мұса­­ұлының атымен аталады.

Облыстық ономастика комиссия­сының қорытындысына сәйкес, Шір­­кейлі ауылдық округі әкімінің шеші­мімен Шіркейлідегі  атауы жоқ көшеге Дүйсенбай Мұсаұлының есі­мі берілді. Осылайша «Менің Мек­кем – туған же­рім, осы жердің жұр­тын, суын, аза­ма­тын құрмет­тең­дер. Қызметтеріңді туған жерге жасаңдар» деп ұрпағына өсиет ет­кен жанның атымен ауыл көшесі аталатын болды.

Сондай-ақ ардагердің ұрпақта­ры облыстық тілдерді оқыту орта­лығымен бірлесіп, Жеңістің 80 жыл­дығына орай «Бейбіт өмір – бабалар ерлігі­нің мұрасы» тақырыбында 9-11 сы­нып­тар арасында мектеп­іші­лік эссе, бей­не­ро­лик және альбом-буклет байқауын ұйым­дастырды.

Оқушылардың соғыс тарихына, Ұлы Жеңістің маңызына деген құр­ме­тін арттыру, соғыс ардагерлерінің ер­лігін үлгі ете отырып, жас ұр­пақ­тың пат­риоттық рухын көтеру үшін осын­дай байқаулар керек. Сонымен бірге өздері тұратын ауылда туып-өскен ардагерлердің ерлігін, ұрпаққа үлгісін насихаттаудың маңызы зор. Бір жағынан оқушылардың шы­ғар­ма­шылық қабілетін дамы­ту­ға, ойларын еркін жеткізе білуге үй­ре­туге септігін тигізеді. Жеңім­паз­дарға диплом және алғыс хаттар, ба­ғалы сыйлықтар бе­рі­леді. Байқау жыл сайын өткізіліп, та­рих кабинеті, ауыл кітапханасы тың қол­жазбалар мен мәліметтерге толы­ғатын бола­ды.

Елдің жүгін көтерген, аналардың ама­натын арқалаған, қан майданнан ора­лып, шаруашылықтың жұмысы­на бел шеше кіріскен ұрпақтың ер­лігі сөз жоқ, қайталанбас қаһар­ман­дық. Оларда басқалай амал жоқ еді, өздері үшін де, қан май­дан­нан оралмай, жат жерде қал­ған боз­дақ­тар үшін де бәрін еңсеру ке­рек болды. 

Осындай батырлар қатарындағы Дүйсенбай Мұсаұлының соғыстағы, еңбектегі ерлігі, ізінде қалған өсиеті, өнегесі, тағылымы жайлы шәкірттер ауыл мектебінің тарих кабинетінен білетін болады. Жақсылықтың әрда­йым қайтарымы болатынын, тірлік­тің мәнін, бейбітшіліктің бәрінен де қымбат еке­нін өмір жолы арқылы ұғындырып кет­кен абыз ақсақалдың атын есте қалдыру шараларының түпкі мәні де осы.

Бұл – басқаларға да үлгі бо­лар­лық бастама. Өйткені ел қорға­ған, туған жер­ге маңдай терін сі­ңір­ген аға ұр­пақ­тың өмір жолы ту­ралы қолжаз­баларды жинақтау, олар­ды кітапхана қорына өткізу, тұлға­лардың өнегесін тану ар­қылы ауыл тарихы қатталады. Ал тарих  келешек ұрпақтың игілігі үшін керек. 

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,

«Сыр бойы»