Ерлік ешқашан ұмытылмайды

116

0

Фото: Сырдария ауданы

Бүгін аудан әкімі Берік Сәрменбаев Жеңіс күніне арналған салтанатты іс-шараға қатысып, тұрғындарды мерекемен құттықтады.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Адамзат тарихында теңдессіз ерлік жасаған әкелеріміз бен аналарымыздың қажымас қайсарлығы, ерен еңбегі және көзсіз қаһармандығы халқымыздың жадында мәңгі сақталады» деп атап көрсетті.

«Ерді елі үшін, жігітті жұрты үшін мақта» дегендей, біздер Сырдария топырағынан шыққан Кеңес Одағының Батырлары Нағи Ілиясов пен Жаппасбай Нұрсейтов бастаған соғыс ардагерлерінің есімін мақтанышпен айтып, ерліктеріне бас иеміз. Жалпы, Сырдария ауданынан Ұлы Отан соғысына 3 мыңға жуық азамат аттанып, жартысынан көбі туған жерге оралмады. Олар Отан үшін ерлік жасады. Бүгінде қан майданның куәгері, ғасыр жасаған Сырдария ауданының Құрметті азаматы Яхия Тасыров ортамызда жүр. Тек қан майданда ғана емес, тылда жұмыс істеп, ашаршылықты, ауыртпалықты бастан кешіп, таңның атысынан күннің батысына дейін жұмыс істеген қайратты да қайсар жандарға бүгінгі ұрпақтың алғысы шексіз. Біз есімдері тарихтың бетінен мәңгі өшпейтін аға буын алдында өлшеусіз қарыздармыз. Бүгінгі Тәуелсіздік тұғырының берік, еңсеміздің биік болуы да, еліміздің өркендеуі мен ауданымыздың гүлденуі де – осынау мерекенің жемісі, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Мұнан соң сұрапыл соғыс жылдарында ерлікпен қаза тапқан жауыргерлер үнсіздікпен еске алынып, аудан тұрғындары «Тағзым» алаңындағы ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

Айта кетейік, бүгінде облыста Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен оларға теңестірілген 3948 ардагер бар. Мерекеде барлығына бюджеттен біржолғы әлеуметтік қолдау көрсетілді. Ұлы Отан соғысының 4 ардагеріне 2 млн 500 мың теңгеден біржолғы әлеуметтік көмек төленді.

Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<