Ерлік пен жауапкершілікке толы мамандық иелеріне құрмет көрсетілді

188

0

Фото: Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Кеше Шиелі ауданында Арман мәдениет үйінде «19 қазан – Құтқарушылар күніне» арналған салтанатты шара өтті. Салтанатты жиын барысында төтенше жағдайлар саласының қызметкерлері мен ардагерлері құрметке бөленді.

Төтенше жағдайлар қызметінің құрылғанына 30 жыл толуына орай ұйымдастырылған шараға аудан әкімі Айтбай Жандарбеков, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы, азаматтық қорғау подполковнигі Ернұр Райымбеков, аудандық мәслихат төрағасы, құқық қорғау органдарының басшылары, сала ардагерлері, еріктілер мен жастар және БАҚ өкілдері қатысты.

Салтанатты жиында аудан әкімі Айтбай Жандарбеков құттықтау сөз сөйлеп, сала қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.

– «Құтқарушы – адам өміріне араша түсіп, қауіп-қатермен бетпе-бет келетін, жүректілікті, батылдық пен табандылықты қажет ететін аса қадірлі мамандықтардың бірі. Сіздер күн сайын өз өмірлеріңізді қатерге тігіп, табиғи және техногендік апаттардың салдарымен күресіп, адам өмірі мен денсаулығын сақтау жолында аянбай еңбек етіп келесіздер.

Ағымдағы жылдың 10 айының қорытындысымен Шиелі ауданында төтенше жағдайлар қызметінің жүйелі жұмысының нәтижесінде 64 өрт оқиғасы мен 130 жану жағдайының алдын алу және оларды дер кезінде сөндіру бағытында нақты шаралар атқарылған. Бұл көрсеткіш – сала мамандарының кәсіби біліктілігі мен жауапкершілігінің айқын көрінісі.

Сондай-ақ аудан тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында бірқатар ауқымды жұмыстар жүзеге асырылған. Биыл №16 өрт сөндіру бекетінде күрделі жөндеу жүргізіліп, нысан заманауи талаптарға сай жаңғыртылды. Сонымен қатар, Төтенше жағдайлар бөлімінің материалдық-техникалық базасы нығайып, бір бірлік жаңа КамАЗ өрт сөндіру автокөлігі пайдалануға берілді. Бұл – қызмет сапасын арттыруға және төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге үлкен мүмкіндік береді.

Бүгінде еліміздегі төтенше жағдайлар саласы қызметкерлерінің беделі артып, қоғамдағы рөлі ерекше маңызға ие болып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың: «Бұл – нағыз ержүрек азаматтардың кәсібі» деген сөзі Сіздердің еңбектеріңізге берілген жоғары баға деп білеміз,» – деді аудан басшысы.

Құттықтау сөзден кейін аудан әкімі жемісті еңбек етіп жүрген сала үздіктері мен сала ардагерлеріне облыс және аудан әкімдерінің Алғыс хаттарын, сондай-ақ Құрмет грамоталарын табыстады.

Салтанатты шара аудан өнерпаздарының мерекелік концертімен жалғасып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі