Ерлік мұра – Елдік мирас атадан

541

0

Ерлік мұра –  Елдік мирас атадан Әйгілі Алаш зиялысы Міржақып Дулатов  “Қайтсек жұрт боламыз?” деген мақала жазып, “Жауап біреу-ақ, әскеріміз болса ғана жұрт боламыз” деп кесіп айтқан болатын. Осы орайда Қазақстан Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен еліміздің Қарулы Күштері құрылып, уақыт талабына сай қарқынды дамып, әлеуетін арттыра түскенін ерекше атап өтуіміз керек.

Тәуелсіздіктің көк туы берік қолда. Жаңа буын өсіп, Отанын қорғайтын азаматқа айналды. Олардың бойына да, ойына да адал қасиеттерді дарыту – қоғам міндеті, біздің парызымыз.

Биыл Қазақстан Республикасы Қарулы Күштеріне 26 жыл және Ұлы Жеңістің 73 жылдық мерейлі мерекесі. Сонымен қатар, республикамыздың аумағында жергілікті әскери басқару органдарының құрылғанына 100 жыл толды. Халықтық мереке саналатын айтулы даталардың тарихы терең, мағынасы зор. Төл мерекеде әскери бөлімдер мен бөлімшелер салтанатты сап түзеулер өткізіп, жауынгерлік және оқу-жаттығу даярлықтарында ерекше көзге түскен азаматтар марапатталмақ. Бұдан өзге, жылдағы үрдіспен ерлік сабақтары, концерттік бағдарламалар, байқаулар, әскери-қолданбалы спорт түрлерінен жарыс­тар ұйымдастырылады.

Қазіргі жастарда әскер қатарына өтуге, Отан алдындағы борышын өтеуге деген құлшыныс басым. Мерзімді әскери қызметке қабылдау жылына екі рет жүргізіледі. Биыл біздің өңірден 800-ден астам азамат ел қорғанына айналады. Өйткені, ер жігіттің борышы – елін қорғау.

Сәуір айының ортасынан бастап ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметіне қарасты Алматы, Үшарал, Сарыағаш, Қордай өңірлеріне 200-ге жуық Сыр елінің азаматы әскер қатарына жіберілді. Элиталы әскери құрылым саналатын ҚР Мемлекеттік күзет қызметіне 16 азамат аттанды. Мамыр айының бастап ҚР ІІМ Ұлттық Ұланға азаматтар әскер қатарына жіберіледі. Әскерге шығарып салу шарасы облыс орталығындағы елге қалқан болған батырлар ескерткіші жанында салтанатты түрде ұйымдастырылып келеді. Мұндай шара болашақ сарбаздарымызға патриоттық рух берері сөзсіз.

Қорғаныс саласының қызметшілері Қарулы Күштерінің қарқынды дамуына, жастарды патриоттық тәрбие мен отансүйгіштік сезімге тәрбиелеуде үлкен үлес қосып келеді. Атқарған адал қызметіне сәйкес әріптестеріміз ҚР Қорғаныс министрлігі, Қызылорда облысының әкімдігі, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы тарапынан көптеген марапаттарға ие болды.

Облыстан шыққан сан мыңдаған сарбаздардың озықтарын іріктеу оңайға соқпайды. Өйткені жігерлі, намысты, саптан озған сарбаздар Сыр елінде жетерлік. Соның бірі, кеше ғана әскер қатарына аттанған қатардағы жауынгер Дәурен Құрманбеков әскери қызметін өтеу барысында шекара бұзушыларды құрықтады. Өжет сарбазға арнайы ҚР ҰҚК Шекара қызметінің марапаты табысталды. Ақжармалық Дәурен Қордай елді мекеніндегі №2038 әскери бөлімінде қызмет етеді. Өзі спортшы өреніміз зілтемір көтеруден де чемпион атанған.

«Отан отбасынан басталады», – дейді дана халқымыз. Әр баланың бойына жастайынан отансүйгіштік, батылдық, қайсарлық пен патриотизм қасиеттерін сіңіріп өсірсек, жас ұрпаққа еліміз бен жерімізді еш алаңсыз аманаттай аламыз. Білекті де жүректі талай ұлан бар. Кеудесін намыс кернеген, елі десе ерлеген сардарлар мен сарбаздармен мақтанамыз.

Еркінбек БАЙБОЛОВ,

облыстық қорғаныс істері жөніндегі

департамент бастығы,

полковник.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<