Ертеңнен бастап магистратура мен докторантураға түсуге құжат қабылданады

534

0

Фото: Pixabay

25 қазанда магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеуге және докторантураға түсу емтиханына құжат қабылдау басталады, деп хабарлайды Kazinform

Тіркелу Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz сайтында өтеді. КТ-ға тіркелу 2023 жылғы 10 қарашаға дейін жалғасады.

Тестілеудің өзі қараша-желтоқсан айларында өтеді.

Өтініш беру кезінде түсуші тестілеуді тапсыру қаласын өз еркімен таңдайды.

Үміткерлер өтінішті қабылдау мерзімі аяқталғанға дейін (10 қарашаға дейін) білім беру бағдарламаларының тобы, тілі және тестілеуді тапсыру қаласын бойынша өтінішке өзгерістер енгізе алады.

Тестілеуді өткізу күні туралы ақпарат оқуға түсушінің жеке кабинетінде 15 қарашада қолжетімді болады.

Кешенді тестілеу форматында өзгерістер жоқ, ол электрондық форматта өткізіліп, үш блоктан тұрады: шет тілі бойынша тест, оқуға дайындығын анықтауға арналған тест және білім бағдарламалары тобының бейіні бойынша тест.

Биыл ғылыми-педагогикалық магистратураға түсу үшін шекті балл – 75 балды, бейіндік магистратураға түсу үшін 50 балды құрайды.

Кешенді тестілеу нәтижесімен келіспеген жағдайда оқуға түсушілер тестілеу аяқталғаннан кейін онлайн-апелляцияға бере алады.

Докторантураға түсу емтиханына тіркелу 2023 жылғы 10 қарашаға дейін жалғасады. Түсу емтиханы қараша-желтоқсан айларында өтеді.

Естеріңізге сала кетейік, докторантураға түсу үшін тек бір жоғары оқу орнын және білім бағдарламаларының бір тобын таңдауға болады.

Егер оқуға түсушіге берілген өтінішке (тестілеуді тапсыру қаласы, білім беру бағдарламаларының тобы, тестілеуді тапсыру тілі) өзгерістер енгізу қажет болған жағдайда, оған өтініштерді қабылдау базасы жабылғанға дейін (10 қарашаға дейін) өтінішті өңдеуге немесе өшіруге мүмкіндік беріледі.

Түсу емтиханын өткізу орны мен уақыты туралы ақпарат оқуға түсушінің жеке кабинетінде 23 қарашада қолжетімді болады.

Докторантураға түсу емтиханына эссе жазу, докторантураға дайындық тесті және білім беру бағдарламасы тобының бейіні бойынша емтихан кіреді.

Жалпы, түсу емтиханының ең жоғары балы – 100 балл, оның ішінде әңгімелесу – 20 балл, эссе – 10 балл, докторантурада оқуға дайындығын анықтауға арналған тест – 30 балл, бейіні бойынша емтихан сұрақтары – 40 балл. 

Ал мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша конкурсқа қатысу үшін және ақылы негізде докторантураға түсу үшін шекті балл – 75.

Сондай-ақ болашақ докторанттардың мемлекеттік және шет тілдерін меңгергендігін растайтын сертификаттары болуы қажет.

Атап өтейік, жазғы тестілеуге кіргізу кезінде ережелерді бұзған, сондай-ақ нәтижелері жойылған тест тапсырушылар осы емтихандарға қайта қатыса алмайды.

Магистратураға түсушілерге 3,8 мың, ал болашақ докторанттарға 700-ден астам мемлекеттік білім гранты бөлінді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<