Биыл адамзат баласы тарихында терең із қалдырған, 1418 күнге созылған сұрапыл соғыстың Жеңіспен аяқталғанына 80 жыл толып отыр. Бұл күн батылдық пен ерліктің, қаһармандық пен қайсарлықтың символы. Отанға деген сүйіспеншілік пен адалдықтың өлшемі.
Ел басына күн туып, ер басына мұң ұялаған жылдары аға буынның жан аямас жаужүректілігі, ерен ерлігі, туған мен жерге деген патриоттық ыстық ықыласы ұрпақтар санасында қаншама жылдар өтсе де жаңғырып тұрары даусыз. Әділдік пен зұлымдықтың соғысы деп бағаланған қан майдандағы ардагерлеріміздің көрсеткен ерен ерліктері арқасында біз бүгін бейбіт өмір, бақытты ғұмыр кешудеміз. Отан соғысы біздің халқымыздың, аға буын өкілдерінің, әкелеріміз бен аналарымыздың биік рухын, ерлігі мен қаһармандығын әлемге танытқан қасіретті соғыс болса, Ұлы Жеңіс аға ұрпақтың ұлы ерлігін ел жадында сақтауға арналған ең қастерлі күн.
Отан соғысы Кеңес Одағының халықтары үшін, оның ішінде қазақ халқы үшін үлкен сынақ болды. Статистикалық мәліметтер бойынша бұл соғыс 27 миллионнан астам кеңес азаматтарының өмірін қиды. Соғысқа соғысына 1 млн 200 мың қазақстандық шақырылып, оның 600 мыңнан астамы майдан даласында қаза тапты. Жауынгерлік ерліктері үшін жүздеген мың қазақстандықтар орден-медальдармен марапатталса, 531 қазақстандық Кеңес Одағының Батыры, 124 жерлесіміз Даңқ орденінің толық иегері атанып, 4 қазақстандық екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атағын алды.
Осы қанды қырғынға Қызылорда облысынан 70 мың азамат аттанып, Отан үшін қан төгіп, жан беріп, жан алысып шайқасты. Олардың есімдері халқының жадында мәңгі сақталып, ерліктері ұрпақтан ұрпаққа беріліп қала бермек. Отан соғысындағы ерліктері мен қаһармандықтары үшін Кеңес Одағының Батыры атағына ие болған 22 қызылордалықтардың есімдері мәңгі ұмытылмайды.
Орыстың атақты жазушысы Илья Эренбург өзінің «Қазақтар» деген мақаласында тұтқынға түскен неміс офицерінің қазақ жауынгерлеріне байланысты айтқан пікірін келтіреді. «Против нас были страшные солдаты – их не мог остановить никакой огонь, они бежали прямо на нас. Потом мне сказали, что это – казахи. Я не знал прежде, что существует такой народ» (Эренбург И.Г. Война. 1941 – 1945. /М., 2004, с.796.) – деген неміс офицері.
Сол сұрапыл соғыстан аман келген санаулы жандардың бірі менің ұстазым, класс жетекшім Садықов Нұртаза болатын. Адалдық пен батылдықтың бейнесіндей болған ұстазым мақтан тұтуға әбден лайықты жан болатын. Жас ұрпақты тәрбиелеуде өлшеусіз қызмет жасап, шәкірттерінің ақылшысы бола білген тұлға еді. Менің өмірдегі ұстанымымның қалыптасуына Нұртаза ағайымның зор ықпалы болды.
Жеңістің 80 жылдық мерекесі қарсаңында ұстазыма арнап осы естелікті жазуды жөн көрдім. Себебі, тарих толқынында есімі ұмыт қалмай, кейінгі ұрпақтардың Нұртаза ағайымдай керемет жан туралы аз да болса білгендерін қаладым.
Ол кісі Қызылорда облысы Қармақшы ауданының «Иіркөл» ауылдық советіне қарасты Октябрь совхозында 1925 жылы дүниеге келген. Өмірге құштар, білімге ынтық көңілін соғыстың салқын ызғары басып, 7 кластық біліммен ғана шектеліп, Жосалы механикалық заводында токарь болып жұмыс жасады. Тылда еңбек етіп, майдандағы ерлер үшін қызмет етті. Жасы 18-ге толған 1943 жылы майданға аттанды. Бобруйск бағытындағы ұрыстарға автоматшылар ротасының жауынгері ретінде қатысты. Соғыс кезінде үш рет жараланып, «Багратион» операциясы кезінде басынан ауыр жарақаттан кейін әскер қатарынан босатылды.
Нұртаза ағай елге оралғаннан кейін қалған өмірін жас ұрпаққа білім беріп, тәрбиелеуге арнады. Төрт жыл Қармақшы ауданындағы Октябрь совхозындағы сегіз жылдық №106 мектепті басқарып, он жыл оқу ісінің меңгерушісі қызметін атқарды. Зейнетке шыққанға дейін тарих пәнінің мұғалімі болды. Оқушылардың бойында оқу-білімге, ғылымға деген құштарлықты арттырып, Отанға және туған Жерге деген сүйіспеншілік сезімдерін қалыптастыруда өлшеусіз еңбек сіңірді.
Ағайдың сабақтары өте қызықты өтетін. Әрбір тарихи оқиғаны түсіндіру барысында олардың өмірмен тікелей байланыста болуын қарастыратын, оның өмірде қолданылуы жағына басты назар аударатын. Қазіргі кездегі көзқараспен салыстыра отырып, өзіндік ұстаным ұстауға бағыттайтын. Бұл дегеніңіз қазіргі уақытта білім жүйесінде күн тәртібінен түспей тұрған оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастырудың өзі емес пе? Айтқан уәдеде тұрмай өтірік айтқандарға, жалқау болғандарға жаны төзбейтін, әділдікті ту еткен, барлық уақытта тек шындық айтатын жан болатын.
Жеңістің 40 жылдығы өткен 1985 жылы Украина астанасы Киев шаhарындағы Тарас Шевченко атындағы Киев ұлттық университетінде аспирантурада оқуда жүргенмін. Мерекеге арнап арнайы құттықтау адресатын қазақша әріптермен жасатып, ағайыма пошта арқылы жібергенім әлі күнге есімде.
Жалпы, Нұртаза ағай саналы ғұмырында ел арасында абыройлы болып, көптің ыстық ықыласына бөленген жан болатын. Соғыста, бейбіт өмірде жасаған ерліктері мен еңбектері елеусіз қалған емес. СССР Қорғаныс Комитетінің Бас қолбасшысы И.Сталиннің «Будапешт қаласын азат еткені үшін» Алғысымен, «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медалімен, Кеңес Одағы Жоғары Кеңесінің Жарлығымен «Отан соғысы» орденімен марапатталған. Сонымен қатар, мұғалімдік қызметте жасаған еңбегі еленіп, «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісіне, бірнеше рет облыстық білім басқармасы мен аудандық білім бөлімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарына ие болды.
Ағайдың үйімен көрші тұрдық. Ағайдың әйелі Күлпан апай салмақты, сабырлы жан еді және апам Зәмзеш екеуі апалы-сіңілілі болып келетін. Ол үйдің 3 ұлы мен 5 қызымен біздің үйдің 10 баласы араласып, бірге өстік. Ұзақты күн ағайдың Тұрсын, Жанат деген қыздарымен бірге ойнайтынбыз. Жанат менен бір жас үлкен ағам Бақытжанның кластасы болатын. Жыл бойы мұздай суға жуынып, қыста қармен денемізді ысқылап, шынығатынбыз. Ол кездің қысы қатал болатын, қар да қалың болып жауатын. Ежелгі дүние тарихындағы спарталықтар жайлы жаңа сабақ өтіп жатып ағай «Мынау Бауыржан да сол спарталықтар сияқты жылы су дегенді білмейді. Жыл бойы мұздай су мен қарға жуынады» деп айтатын.
Күні бойы ағайдың жанында жүретінбіз. Таңертеңнен түске дейін мектепте сабақта боламыз, түстен кейін үйдің айналасында дегендей. Ағайдың өмір жайлы, соғыс жайлы айтқан әңгімелерін бала кезімізден құлағымызға құйып өстік. Соғыс жайлы әңгімелерін ағай мұңайып, жабырқау көңілмен әңгімелейтін. Майданда алған ауыр жарақаттары салдарынан ұстаз 1989 жылы сәуір айында дүниеден озды.
Қазір Нұртаза ағай мен Күлпан апайдың артында қалған ұрпақтары өсіп, өркендеуде. Барлығы да халық шаруашылығының сан алуан салаларында еліміздің көркейіп, дамуы жолында табысты еңбек етіп жүр. Ағайдың туғанына 100 толуына байланысты биылғы 7 мамырда ас беріп, ағай еңбек еткен №106 мектепте физика-математика пәнінен олимпиада, кіші-футболдан турнир ұйымдастырып, Қармақшы аудандық «Қармақшы таңы» газеті бетінде ағай жайлы материалдар жариялауда.
Біздің ел Ұлы Отан соғысы жылдары Отан үшін от кешкен аға буын ұрпақтың ерлік істеріне зор құрметпен қарайды, оны биік азаматтықтың қайталанбас үлгісі ретінде бағалайды. «Отан қорғау дегенде әрине, адам баласы алдымен өзінің шаңырағын ойлайды. Әкеңді, шешеңді, бауырларыңды, балаларыңды, немерелеріңді ойлайсың. Сол жүрекпен, сол тілекпен Отаныңды қорғайсың» деген аталы сөз ойға аралады.
Бүгінгі күні ұлағатты ұстазымның рухы алдында бас иемін! Ешкім де ұмытылмайды, ешнәрсе де ұмытылмақ емес!
Бауыржан ЕЛЕУСІНОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Қармақшы ауданының құрметті азаматы






