Фото: aliokapov/Instagram
Белгілі әнші Әли Оқапов әлеуметтік желіде мәлімдеме жасап, барлық музыкалық марапатынан бас тартқанын айтты, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
25 қазан – Республика күні әншіге «Құрмет» ордені берілген еді.
Ел арасында қай еңбегі үшін алынғаны қызу талқыланып, әзіл-шыны аралас жарияланымдар көбейді.
«Соңғы оқиғалар осылай қызу талқыланады деп күтпедім. Бірақ ештеңені байқамағандай, ештеңеге мән бермегендей жүре алмаймын. Осы видео арқылы телеарналар мен радиостанциялардан, қоғамдық ұйымдардан, жеке жобалардан алған 32 жыл өмірімдегі бүкіл музыкалық марапаттарымнан бас тартатынымды айтқым келеді. Мұны баяғыдан жасағым кеп жүр еді, себебі кішкентай ұлыма бөлме керек, ал ауыр темір марапаттар кедергі келтіреді. Енді осыны жасаудың сәті түсті», – деді Әли Оқапов Instagram желісінде жариялаған бейнежазбасында.
Әнші мемлекеттік награданы қайтару бойынша бір де бір норма жоқтығын айтты.
«Мемлекеттік марапатта рәміздеріміз бейнеленген. Ол үшін заңды оқып шықтым және қайтару туралы норманы таппадым. Бұл наградалар енді құзіретті органның шешімін күтеді. Қандай шешім шықса, соны жасаймын. Қажетті нәрсенің бәрін істеуге тырысамын (…) Мен ешкімнен марапат сұраған жоқпын, соңына дейін ештеңеден хабарсыз болдық. Не болса да жауапкершілікті өз мойныма аламын және дүрбелең туындағаны үшін кешірім сұраймын», – деді әнші.
Әли Оқапов әртіс үшін халықтың ықыласынан асқан марапат жоқ екенін жеткізді.
«Мен бақытты адаммын, отбасым бар, музыкам, тыңдаушыларым бар. Ең маңызды сыйлықты биылғы 17 ақпан күні әке атанғанда алғанмын. Осы атаққа лайық боламын деп үміттенемін. Егер біреуді ренжітсем, көңілін қалдырсам, кешірім сұраймын. Мені қорғап-ақтап жатқандардың бәріне рахмет. Әлі жаспын, бар жақсылық алдымда деп үміттенемін. Тасқын Оқаповтың ұлы, Роза Рымбаеваның ұлы, қарапайым поп-орындаушы ретінде мен кешірім сұраймын және алғысымды айтамын. Бәріңізді құшақтадым», – деп аяқтады Ә. Оқапов.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<