Қызылорда облысында өңірдің есірткіге қарсы эмблема-логотиптерін әзірлеуге арналған байқау өз мәресіне жетті. Байқауды Қызылорда облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы ұйымдастырды. Байқаудың мақсаты — жастарды белсенді шығармашылық қызметке тарту, салауатты өмір салтының берік қағидаттарын қалыптастыру және өңірдің есірткіге қарсы логотипін әзірлеу бағытын айқындайтын заманауи, танымал символиканы жасау.
Қатысушыларға Қызылорда облысының эмблема-логотипін және полицияның профильдік бөлімінің эмблемасын әзірлеу тапсырылды. Ұсынылған жұмыстар мазмұнды тұжырымдамасымен, графикалық шешімдерінің ерекшелігімен және алдағы уақытта тәжірибеде қолдану мүмкіндігімен дараланды.
Байқауға облыстың 15 пен 20 жас аралығындағы студенттері мен оқушылары қатысты. Жұмыстар тақырыпқа сәйкестігі, идеяның жаңашылдығы, ықшамдылығы, танымалдылығы, эстетикалық безендірілуі және көркемдік деңгейі бойынша бағаланды. Бірінші кезеңнің қорытындысы бойынша екінші кезеңге 30 байқау жобасы жолдама алды.
Байқау комиссиясының шешімімен жеңімпаздар анықталды: І орын — Қасымов Мансур, Арал ауданы №260 орта мектеп; Бекарыстанов Нурасыл, Қармақшы ауданы №274 мектеп; Сулейменов Али, Қармақшы ауданы №274 орта мектеп; ІІ орын — Тастемір Марғұлан, Қазалы ауданы №276 орта мектеп; Аманжол Ербол, Қармақшы ауданы №274 орта мектеп; Құрманәлі Назгүл, Жаңақорған ауданы №293 орта мектеп; Наурызбай Аяулым, Қызылорда қаласы №172 орта мектеп; ІІІ орын — Нұрылла Дулат, Қармақшы ауданы №277 мектеп-лицей; Таңсықбай Аяулым, Жалағаш ауданы №116 орта мектеп; Оразалиев Шерали, Қармақшы ауданы №85 орта мектеп; Бахберген Қасым, Қармақшы ауданы №277 мектеп-лицей; Қосанов Еркебұлан, Арал ауданы №14 орта мектеп.
Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталады. Мұндай іс-шараларды өткізу жастардың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға және салауатты өмір салты құндылықтарын нығайтуға ықпал етеді.





