Қазақ руханияты ауыр қазаға ұшырады. Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, кино өнерінің карифейі, даңқты тұлға, аңыз адам Асанәлі Әшімұлының қазасы Сыр елінің де қабырғасын қайыстырды.
Асанәлі Әшімұлының туған жері Жамбыл өңірі болғанымен, оны күллі қазақ даласы өз перзентім деп қабылдады. Асанәлі аға Сыр еліне келген сайын «Алаштың анасы – барша қазақтың бесігі» деп кең тыныстап, керемет сезімде болатын еді.
Қызылордаға бір келген сапарында «Сыр медиа» серіктестігіне ат басын тіреп, облыстағы бұқаралық ақпарат құралдары қызметінің жай-күйімен танысты. Бұл «Сыр бойы» газетінің 85 жылдығы қарсаңында болатын. Атақты тұлға медиа ісіндегі жаңа технология, тың бастамаларға ризашылық білдірді. Асқар Тоқмағанбетовтен бастап талай ақын-жазушыларға мектеп болған аймақтың ата басылымының кейінгі толқынына бата берді.
Ұлт руханиятына өлшеусіз қызмет еткен даңқты тұлғаның бейнесі сырбойылықтардың төрінде, жүрегінде сақталып, өнердегі образы жүзмыңдаған жастардың өмірлік өнегесі болып қала береді. Ол қазақ ұлтының екі дәуірдегі ерекше болмысын сомдап, батырлық пен отаншылдықтың символына айналды.
Өз өмірінің өлмес, ескірмес тұғырлы ескерткішін қалап кеткен асыл тұлғаның есімі мен ізгі істері әр қазақтың жадында мәңгілік жаңғырып тұра бермек.
«Сыр бойы» редакциясы





