Алғыс айту күніне орай ұйымдастырылған салтанатты жиында ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықоваға Қазақстан халқы Ассамблеясының жаңа мультимедиялық порталы таныстырылды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Салтанатты жиынға Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, депутаттар, мемлекеттік орган басшылары қатысты. Аталған порталды «Қазконтент» АҚ басқарма төрағасы Евгений Кочетов таныстырды.
«Мемлекет басшысы аталған порталдың мультимедиялық мүмкіндіктеріне баса мән беруді тапсырған. Осы бағытта біз жұмыс істедік. Енді аталған порталда онлайн режимде трансляциялар, конференцияларды өткізуге болады. Енді ҚХА мүшелері еліміздің кез келген бөлігінде отырып, онлайн режимде бір-бірімен байланыс орнатады», – деді төраға Бейбітшілік және келісім сарайында өткен салтанатты жиында.Сонымен қатар, Евгений Кочетов аталған сайт арқылы еліміздің көрікті жерлеріне саяхат жасауға болатынын атап өтті.«3D тур арқылы алдымен Қазақстан халқы Ассамблеясының үйі саналатын Бейбітшілік және келісім сарайына экскурсия жасауға мүмкіндік беріледі. Алдағы уақытта өңірлердегі мәдениет үйлеріне және Қазақстанның қасиетті орындарына саяхат жасауға мүмкіндік туады», – деді ол.
Сонымен қатар, www.assembly.kz сайтының негізгі бөлімдері жаңаланып, заманауи стандарттарға сәйкестендірілді. Сондай-ақ, сайтта көптеген медиа-жоба, интерактивті инфографика тағы басқа ақпараттар жинақталатын болады.
Салтанатты жиын барысында Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институының директоры Зиябек Қабылдинов «Қазақстан халқы» атты арнайы мультимедиялық картаны таныстырды. Осы орайда ол аталған карта еліміздегі ұлтаралық қатынастарды нығайтып, бірлікті күшейтуге бағытталғанын атап өтті.«2017 жылы сәуір айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен «Қазақстан халқы» атты тарихи карта жасалды.
Карта үш тілде дайындалды және ол үш бөлімнен тұрады. Бірінші – интерактивті тарихи карта. Екінші – Қазақстан халқы. Үшінші – Тәуелсіздік дәуірі. Әлем біздің президентіміз құрған қазақстандық ұлтаралық моделін мойындады. Болашақта карта жаңа мәліметтермен толықтырылып отырады», – деді директор.Сонымен қатар, Зиябек Қабылдинов аталған интерактивті ғылыми картаны жасауға ҚР Білім және ғылым министрлігі, ғылыми зерттеу ұйымдары, тарих, география, ІТ технология саласындағы жетекші мамандары өз үлестерін қосқанын атап өтті.Таныстырылым барысында жиынға қатысушылар Батыс Қазақстан облысының тұрғындарымен видео байланыс арқылы хабарласты.Портал жұмысын «Қазконтент» АҚ, Ассамблея хатшылығы мен филиалдары және «Қоғамдық келісім» РММ бірлесе отырып қамтамасыз ететін болады.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<