Туризм саласын дамытуға бағытталған ерекше жоба – «Еуразия жүрегіне саяхат» атты халықаралық туристік экспедиция Қызылорда қаласында сәтті қорытындыланды. Бұл бастама өңірдің тарихи-мәдени әлеуетін шетелдік меймандарға таныстырып, аймақтың туристік мүмкіндіктерін кеңінен насихаттауға бағытталған.
Экспедиция мүшелерінің алғашқы аялдамасы – қаладағы «Мұз айдыны» спорт кешені болды. Туристерге қазақтың дәстүріне сай ұлттық тағамдар ұсынылып, құрмет көрсетілді. Одан кейін қонақтар аталмыш нысанның архитектуралық ерекшеліктеріне қызығушылық танытып, кешеннің жалпы жұмыстарымен танысты. Сонымен қатар, қонақтар жаңғыртудан өткен кешеннің жаңа кейпін сырттай тамашалап, фотосуреттерге түсіп, жылы лебіздерін білдірді.
Одан кейін экспедиция мүшелері жақында ғана пайдалануға берілген Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейіне барды. Музей ішіндегі бай жәдігерлер мен археологиялық олжалар шетелдік туристердің үлкен қызығушылығын тудырды. Олар Сыр өңірінің ежелгі тарихы және мәдениетімен тереңірек танысып, қазақ халқының бай мұрасына тәнті болды. Сонымен қатар, туристер «Анаға тағзым» орталығына да барып, жаңа нысанды толық аралады. Бұдан бөлек, экспедиция мүшелері Батырхан Шүкенов атындағы саябақта достық ағашын отырғызды.
Бұл сапар шетелдік саяхатшылар үшін тек танымдық маңызы бар шара ғана емес, сондай-ақ қазақ халқының рухани байлығы мен мәдениетінен сыр шерткен тағылымды кездесуге айналды.
«Еуразия жүрегіне саяхат» жобасы – Қазақстанның тарихи мекендерін әлемге танытатын іргелі бастамалардың бірі. Қызылорда қаласында қорытындыланған бұл экспедиция елдің туристік әлеуетін арттыруға және халықаралық байланыстарды нығайтуға тың серпін берері сөзсіз.
Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы






