Фельдъегерьлер деген кімдер және олар немен айналысады?

1203

0

 Фельдъегерь деген мамандық бар. Мұндай қызметтің Қазақстанда барын екінің бірі біле бермейді. Бұл – мемлекеттік, әскери һәм коммерциялық құпия хаттарды қолдан қолға жеткізетін адамдар. Бұған дейін журналистерге сұхбат бермей, көптен жасырынып жүрген арнайы мақсаттағы шабармандармен бірінші болып «Хабар 24» арнасының тілшілері кездесті.
Фельдъегерь шабарман болса да, аптасына үш рет жауынгерлік дайындықтан өтеді. Өзін өзі қорғау тәсілдерін пысықтап, қаруымен ату бойынша тәжірибелерін машықтайды. Өйткені атшабардың хатқалтасында мемлекеттік, әскери немесе коммерциялық құпия жатыр. Негізі фельдъегер мамандығының тарихы сонау Шыңғысханның тұсынан бастау алады. Аса маңызды хатты қолдан қолға жеткізуді Моңғол әміршісі ұлдарының бірі енгізген екен. Бүгінде бұл қызмет тікелей Премьер-министр кеңсесіне бағынады. Астананың өзінде бір осындай шабарман күніне 200 шақырымнан астам қашықтық еңсереді.
Тимур Мамбетқазиев, ҚР мемлекеттік фельдъегерь қызметінің бастығы:
– Корреспонденциялардың ішінде не жатқаны бізге белгісіз. Алайда бұл аса маңызды қағаздарды жоғалтып алсақ, еліміздің қауіпсіздігіне үлкен нұқсан келеді. Сондықтан фельдъегерьлерге артылған жүк ауыр. Айта кету керек, осы күнге дейін Тәуелсіз Қазақстанның тарихында хат-хабарлардың жоғалу фактісі тіркелген жоқ. Абырой болғанда, фельдъегерьлерге шабуыл жасалған деректер де тіркелген емес. Бірақ құпия қағаз тасушылар ұдайы оқ өтпейтін кеудеше киіп, қару тасиды. Ал әлдекім жүкке қол сұғатын болса, оны арнайы құралдармен жоюға да дайын. Қайта мұндай қылмыскерлерге төтеп беруге де әрдайым әзір жүреді олар. Сіз бен біз естімеген мамандық иелерінің жұмысы қауіпті екені сөзсіз. Алайда оған қарамастан шабармандарға мемлекет тарапынан жеңілдіктер қарастырылмаған. Сондықтан келер жылы Үкімет «Фельдъегерьлік қызмет туралы» заң әзірлеуге кіріспек. Бұл құжат атшабарлардың біраз мәселесін шешуі тиіс.
Асқар Жакенов, ҚР Премьер-министр кеңсесінің қызметкері:
 – Мемлекеттік фельдъегерьлік қызмет құқық қорғау органдары заңымен реттеледі. Бірақ толықтай емес. Сондықтан біздің қызметкерлер тәртіп сақшыларына арналған мемлекеттік бағдарламалар бойынша тұрғын үйге қол жеткізе алмай отыр. Айтып кету керек, қазақстандық фельдъегерьлер құпия хаттарды Қазақстан ішінде ғана емес, бүкіл ТМД аумағы бойынша қолдан қолға жеткізеді.
Дереккөз: Хабар24

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<