Ферроқорытпа зауытында қаза тапқан қызметкердің отбасына он жылдық жалақысы төленеді

416

0

Фото: gov.kz

«YDD Corporation» компаниясы Карағандыдағы ферроқорытпа зауытында төтенше жағдайдан кейін қаза тапқан қызметкердің отбасына қолдау көрсетеміз деп уәде берді, деп хабарлайды Кazinform агенттігінің тілшісі.

Бүгін компания қайтыс болған Музафар Исмаиловтың отбасы алдындағы міндеттемелерінің тізімін жариялады. Марқұм ферроқорытпа зауытындағы пеште жалын шығып, денесін 85% күйік шалған еді. Алған жарақаттары салдарынан ол төртінші күні ауруханада қайтыс болған.

«YDD Corporation» Музафар Имантайұлының қайтыс болуына байланысты оның туыстары мен жақындарына қайғыра отырып, көңіл айтады.⠀

Бүгінгі таңда компания жерлеуді ұйымдастыру, ас өткізу және мазар салу бойынша барлық шығындарды өз мойнына алады, сондай-ақ отбасына барлық қажетті қолдауды көрсетеді. Атап айтқанда, компания келесі міндеттемелерді атқарады:

–Отбасын қолдау үшін 10 жылдық жалақы мөлшерінде біржолғы төлем жасайды.

– Отбасының тұрғын үй жағдайын жақсартуға көмек көрсетеді.

– Қызметкер мен оның жұбайының барлық несиелерін толық өтейді», – деп мәлімдеді компанияның баспасөз қызметінде.

Мұзафар Исмаиловтың жаназасы бүгін Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы Үміткер ауылында шығарылды. Марқұмның соңында үш жасар қызы мен бірге енді толған ұлы қалды.

Естеріңізге сала кетейік, 20 шілдеде Қарағандыда ферроқорытпа зауытының пешінде кенеттен жалын шықты. ТЖ салдарынан кәсіпорынның сегіз қызметкері зардап шекті. Олар Профессор Х.Ж.Мақажанов атындағы көпсалалы ауруханасына жатқызылды. ҚР Денсаулық сақтау Министрлігінің тапсырмасы бойынша қосымша медициналық көмек алу үшін Қарағандыға Академик Н.Д.Батпенов атындағы Ұлттық Травматология және ортопедия ғылыми орталығының қызметкерлері келді.⠀

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<