Фракция мүшелері тұрғындар тілегін тыңдады

63

0

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Мархабат Жайымбетов, Мұрат Әбенов және Мұрат Ергешбаев қала тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Қабылдау барысында әлеуметтік, инфрақұрылымдық және қоғамдық маңызы бар бірқатар мәселелер көтерілді.

Атап айтқанда, қала тұрғыны Исахаева Г. кәмелет жасынан асқан мүгедектігі бар екі баласын электронды арбамен қамтамасыз етуге жәрдем көрсетуді сұрады. Бұл мәселе бойынша фракция мүшесі Мұрат Нәлқожаұлы жауапты сала басшыларымен бірлесе зерделеу жүргізіп, кәсіпкерлік демеушілік тетіктері арқылы өтінішті шешу жолдарын қарастыруды ұсынды.

Сонымен қатар, қала тұрғыны Қоюпов Т. фракция мүшесі Мархабат Жайымбетовке қоғамдық көлікте соғыс, қарулы қақтығыстар және Семей ядролық полигонының қатысушыларына тегін жол жүру мүмкіндігін қарастыру мәселесі бойынша сауал жолдады. Аталған мәселе қолданыстағы заңнама аясында тиісті органдармен пысықталатын болды.

Ал фракция мүшесі Мұрат Әбеновке қала тұрғыны Мақашов Ә. аймақта қолжетімді медициналық экожүйе құруға бағытталған жобасын таныстырып, оны жүзеге асыру үшін инвестор тарту мәселесін көтерді. Ұсыныс назарға алынып, қосымша зерделеу қажеттігі айтылды.

Бұдан бөлек, қабылдау барысында азаматтар тарапынан қаржылай көмек көрсету, көшелерді электр қуатымен және ауыз сумен қамтамасыз ету, алаяқтық деректеріне қатысты және өзге де тұрмыстық-әлеуметтік мәселелер бойынша өтініштер түсті. Барлық көтерілген мәселелер заң аясында қаралып, тиісті мемлекеттік органдарға жолданатын болды.