Францияда фермерлер ереуілі басталды

132

0

Фото: LP/Arnaud Journois

Француз фермерлері биліктің ауыл шаруашылығы саласындағы саясатына, сондай-ақ Еуроодақ пен Латын Америкасы елдері арасындағы «МЕРКОСУР» сауда келісіміне наразылық ретінде тағы да ереуілге шығуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі. 

Өткен демалыс күндерінен бері Уаза департаментінің шаруалары бірнеше жолды жауып тастауға әрекеттенді.

Эссон департаменті Сакле, Юлис, Этап, Мориньи-Шампиньи және Оверно фермерлері де жергілікті наразылық акцияларына қатысатынын жариялады.

Эссон префектурасы жексенбі күні Париж бағытындағы RN118 тас жолында сағат 17.00-ден бастап көлік қозғалысы тоқтатылғанын хабарлайды.

Ереуілді ұйымдастырушылардың бірі — Францияға шетелдік өнімдерді импорттауға қарсы FNSEA кәсіподағы. Жексенбіде FNSEA президенті Арно Руссо жергілікті БАҚ-қа Франция бойынша 80 департаментте 82 наразылық акциясы жоспарланғанын айтты.

«Ереуіл желтоқсанның ортасына дейін жалғасады, бірақ жаңа жылға дейін созылмайды. Француз дастарханында біздің өнімдеріміз болады. Біз француздарды ауыл шаруашылығы саласында болып жатқан төтенше жағдайға куә болуға шақыруымыз керек», — деді кәсіподақ өкілі.

Жұма күні үкімет фермерлерге берілетін несие шарттарын атап өтті.

«Мен қолымнан келгеннің бәрін жасаймын және жыл басында наразылық білдірген фермерлерге берілген барлық уәделер орындалады», — деп сендірді премьер-министр Мишель Барнье. Ол сондай-ақ МЕРКОСУР мемлекеттерімен ЕО сауда келісімімен келіспейтінін айтты.

Өз кезегінде Францияның ішкі істер министрі Бруно Ретейло ауылшаруашылық кәсіподақтарының басшыларын қабылдағанын, оларға «үш шектеуді» ескерткенін айтты: мүлікке және адамдарға шабуыл жасамау, бөгет жасамау. Ондай жағдайда полиция көлік қозғалысын қалпына келтіру үшін әрекет етеді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<