Франциядағы шахмат чемпионатында 8 жасар қазақ баласы 1-орынды иеленді

598

0

Франциядағы шахмат чемпионатында 8 жасар қазақ баласы 1-орынды иеленді Францияда жылдам шахматтың блиц және рапид түрлерінен ашық чемпионат болды. Онда Қазақстаннан барған жалғыз спортшы Сауат Нұрғалиев алтын медальді жеңіп алды, – деп хабарлайды ҚазАқпарат Қазақстанның шахмат федерациясына сілтеме жасап.
Чемпионатқа 539 спортшы қатысты. Сауат 14 партияда 9 рет жеңіске жетті. Сауаттан жеңілгендердің бірі – 22 жастағы ФИДЕ шебері, франциялық Дудоньон Тибо (ЭЛО – 2292).
 «Қазір Сауат – елімізде шахматтан спорт шеберіне ең жас үміткер. Өткен айда ол қатарластарының арасындағы ЭЛО рейтингінде көш бастап, классика бойынша 9 жасқа дейінгі балалар арасында әлемнің үздік шахматшысы атанды», – дейді жас дарын иесінің бапкері Ержан Шәкенов.
Франция ашық чемпионаты Ле-блан-мениль қаласында болды. Бір айта кетерлігі, турнир жас санаттарына бөлінген жоқ. «Сауаттың қарсыластарының көпшілігі одан жасы үлкен әрі тәжірибелі шахматшылар еді. Бірақ біздің чемпион оған пысқырған да жоқ», – дейді Нұр-Сұлтан қаласы Шахмат федерациясының президенті Абылай Тостамбеков.