Француздар Қазақстаннан жылқы етін сатып алғысы келеді

1400

0

Фото: dichshop.ru

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың Францияның Қазақстандағы елшісі Сильван Гиогемен кездесуінде Қазақстаннан жылқы етін Еуропа нарығына экспорттау мәселесі талқыланды, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі мәлімдеді. Қазан айының басында Францияда өткен мал шаруашылығы саммиті аясында «Қайып ата» және Pegase BVS компаниялары жылқы етін жеткізуді ұйымдастыру бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Қазір жылқы етін Францияға экспорттауға шаруалар мен шаруа қожалықтары қызығушылық танытып отыр екен.

Жалпы, Қазақстан тарапы елдер арасындағы сауда көлемін арттыруды көздейді. Осыған байланысты екі ел Danone компаниясын кеңейту жобасын жүзеге асыру мәселесін де талқылады.

«Danone зауыты жыл сайын жалпы көлемі 18 мың тонна сүт өнімдерін шығарады, оның 40 пайызы Орталық Азия, Кавказ және Моңғолия елдеріне экспортталады. Компания тек қазақстандық фермерлердің сүтін пайдаланады», – делінген Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарламасында.

Айта кетейік, компанияның Қазақстандағы зауыты Danone Berkut Іле ауданы Байсерке ауылында ашылған болатын.

Кездесуде Қазақстан мен Франция ұсақ малды экспорттау кезіндегі ветеринарлық талаптарды өзгертуді, сондай-ақ француз тұқымды ірі қара малының ұрықтарын және жасанды ұрықтандыруды пайдалана отырып, қазақстандық тұқымды жақсарту мүмкіндіктерін талқылады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<