Шиелі ауданында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бастамасымен енгізіліп жатқан FSM Social ақпараттық жүйесіне байланысты ауқымды түсіндірме жұмыстары ұйымдастырылды.
Аудандық Салтанат сарайында өткен жиынға аудан әкімінің орынбасары Бағлан Сағындықов, Мәдениет және ақпарат министрлігінің жанынан құрылған Отбасын қолдау орталықтарының жұмысын жетілдіру жөніндегі жобалық кеңсенің басшысы Фарида Сағындық, республикалық жобалық кеңсенің үйлестірушісі Тимур Мұратов, сондай-ақ облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Азамат Мыңбаев қатысты.
Жиын барысында салааралық мобильдік жұмысшы топ FSM Social жүйесінің артықшылықтары мен қызмет көрсету тәртібі жөнінде кеңінен түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Іс-шараға ауданның білім беру, денсаулық сақтау, құқық қорғау саласының қызметкерлері белсенді қатысты.
FSM Social – әлеуметтік қолдаудың тиімділігін арттыруға бағытталған цифрлық жүйе. Бұл жүйе арқылы мұқтаж азаматтарға қолдау көрсету процестері жедел, әділ және сапалы жүзеге асады.
Түсіндірме жұмыстары аудан көлемінде алдағы уақытта да жалғасын табады.
Шиелі ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.






