Футбол: «Қайсар» алғашқы жеңісіне қол жеткізді

881

0

Фото: fckaysar.kz

Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 4-турының алғашқы ойыны өтті.

Төртінші турдың алғашқы ойынында Ақтаудың «Каспий» командасы Қызылорданың «Қайсары» кездесті. Ақтаудағы стадионның дайын болмауына байланысты ойын Алматы қаласындағы «Жас Қыран» стадионында өткізілді.

Қазірге дейін командалар турнир кестесінде төменгі орындарда келе жатқан еді. Ақтаулық ұжым үш турда бірде-бір ұпайға қол жеткізе алған жоқ. Ал қызылордалық клубтың еншісінде небәрі бір ғана ұпай болды.

Ойын басынан қос команда бірден шабуылға көбірек шығуға көңіл бөлді. Көп сәтте «Қайсар» ойыншыларының белсенділігі байқалды. Нәтижесінде олардың қатарынан 27, 32-минуттарда Василий Совпель екі мәрте мергендік танытты.

Ойынның 54-минутында қызылордалық клубтан Бақдәулет Зульфикаров есепті үстемелей түсті. Ал 63-минутта «Каспий» сапынан Алексей Залески пенальтиден мүлт кеткен жоқ.

Осылайша «Қайсар» қарсыласынан 3:1 есебімен басым түсіп, биылғы біріншіліктегі алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Турнир кестесінде олар сегізінші орынға көтерілсе, ақтаулық клуб соңғы орынға сырғыды.

Енді төртінші турда бүгін 16:00-де «Шахтер» (Қарағанды) мен «Қайрат» (Алматы) кездессе, 18:00-де «Ақсу» (Павлодар облысы) мен «Мақтарал» (Түркістан облысы) ойыны белгіленген.

Ал 2 сәуірде «Жетісу» мен «Тобыл», «Ақтөбе» мен «Қызылжар», «Атырау» мен «Оқжетпес», «Астана» мен «Ордабасы» ойнайды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<