Гаитидегі қырғында жүзден аса адам қаза тапты

213

0

Фото: DW

Қанды қырғын Гаитидегі Сите-Солей елді-мекенінде болған. Wharf Jeremie бандысының жетекшісі Монель «Микано» Феликс «баламды дуалады» деп айыптап, жергілікті қарт тұрғындарды қырып салған, деп жазады DW.

Жексенбі, 8 желтоқсанда Адам құқықтарын қорғау бойынша ұлттық желісі (RNDDH) хабарлағандай, Сите-Солей елді мекенінде Wharf Jeremie бандасының қолынан 110 адам қаза тапқан.

Феликс баласы ауырған кезде вуду діни қызметкерінен кеңес сұраған. Ол жергілікті тұрғындарды «баланы дуалады» деп айыптаған. Артынша Феликс Сите-Солейде тұратын қарттарды қырып салуға бұйрық берген. 

Сойыл, сондай-ақ пышақпен қаруланған топ мүшелері жұмада 60 адамды, сенбіде 50 адамды өлтірген. RNDDH мәліметтері бойынша барлық құрбандардың жасы 60-тан асқан. Феликстің баласы сенбі күні түстен кейін қайтыс болды.

Айта кетейік, 2022 жылы Монель «Микано» Феликске көрші Доминикан Республикасына кіруге тыйым салынған. Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) мәліметіне сәйкес, 2024 жыл қазан айында Wharf Jeremie бандысының саны 300 адамды құраған.

Ел астанасы Порт-о-Пренс портына жақын орналасқан Сите-Солей елді мекені – Гаитидегі ең кедей және ең қауіпті аймақтардың бірі. Саяси алауыздыққа ұшыраған ел билігі астана мен оның айналасындағы қарулы топтармен күрес жүргізіп жатыр.  

2022 жылы ел үкіметі жергілікті полицияға көмектесу үшін халықаралық көмек сұраған, алайда 2023 жылы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі бекіткен миссия саясатына сай, жартылай ғана көмек ұсынылған. Айтарлықтай ресурстармен қамтамасыз етілмей отыр. 

Айта кетейік, Гаитидегі қылмыскерлердің жартысы – балалар. Бұл туралы UNICEF баяндамасында айтылған.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<