Газа секторында қаза болғандар саны 20 258 адамға жетті

608

0

Фото: aa.com.tr

Израильдің Газа секторына соққылары салдарынан 7 қазаннан бері 20 258 адам мерт болды, тағы 53 688-і жарақат алды. Бұл туралы Анадолы агенттігі Газадағы Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап жазды, деп хабарлайды Кazinform.

Ведомство мәліметінше, тек кейінгі 24 сағатта палестиналық эксклавта 201 адам көз жұмды, 368 адам зардап шекті.

7 қазаннан бері Газа секторында қаза тапқан бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің саны 100 адамға жетті.

Израиль – Палестина шиеленісі

Биылғы 7 қазанда палестиналық ХАМАС ұйымы Израильге қарсы операция бастады. Газа секторынан Израильге қарай мыңдаған ракета ұшырылды, қаруланған топтар изральдік елді мекендерге басып кірді. ХАМАС бұл операция Шығыс Иерусалимде оккупацияланған Әл-Ақса мешітіне жасалған шабуылға және израильдіктердің палестиналықтарға қарсы артып келе жатқан зорлық-зомбылығына жауап екенін айтты.

Өз кезегінде Израиль ХАМАС-қа қарсы жауапты операция бастап, оның соңы Газа секторындағы халықты жаппай қыруға ұласты. 27 қазанда Израиль Газаға құрлықтағы әскерімен соққы жасауға көшті.

Бүгінде Газаның 2,3 млн тұрғыны эксклавтың толық қоршауда қалуынан азық-түлік, су, дәрі-дәрмек тапшылығынан зардап шегіп отыр. Мыңдаған ғимарат, соның ішінде ауруханалар, мешіттер мен шіркеулер зақымдалды немесе толығымен қирады.

Израильде қаза болғандар саны – 1200 адамға жуық.

ХАМАС пен Израиль арасында 24 қараша күні таңертең күшіне енген «Гуманитарлық үзілік» 1 желтоқсанда таңертең аяқталды. Бұл күндері екі тарап тұтқынға алынған ондаған адаммен алмасты.

Бітім туралы уақытша келісім аяқталысымен Израиль газаға қарсы шабуылын жалғастырды.

Желтоқсан айының алғашқы онкүндігіндегі мәлімет бойынша, Израильдің Газаға шабуылынан 17,7 мың адам қаза тапты.

Ресми мәліметке сәйкес, Газа секторында палестиналық тарап әлі де 130 адамды тұтқында ұстап отыр.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<