Топ-баннер2

Германия әлемде қару-жарақ экспорты бойынша төртінші орында тұр

6

0

Фото: pixabay.com.

Швед зерттеу институты SIPRI мәліметінше, Германия әлемде қару-жарақ экспорттаушылар арасында төртінші орында тұр. Қорғаныс өнеркәсібі гүлденіп жатқанымен, елдің қалған экономикасы әлсіреп барады, деп хабарлайды Euronews.

SIPRI деректеріне сәйкес, Германия қару экспортында Қытайды басып озды. Қазір АҚШ ең ірі экспорттаушы болып қала берсе, одан кейін Франция, Ресей және Германия тұр. Қытай бесінші орынға тұрақтаған. Мұның негізгі себебі — өңірдегі шиеленіске байланысты Еуропада сұраныстың күрт өсуі.

Германиядан экспортталған қарудың 17%-ы НАТО серіктесі елдерге бағытталған.

Бұл ретте Қытайдың экспорт көлемі тұрақты. 2016–2021 жылдармен салыстырғанда, Қытайдың қару экспорты 11%-ға өскен. Бұл елдің әлсірегенін білдірмейді: керісінше Қытай сырттан көп қару-жараққа тәуелді емес, өз өнімін өндіреді және оны стратегиялық серіктестеріне, мысалы, Пәкістанға экспорттайды.

Германияның қорғаныс өнеркәсібі рекордтық тапсырыстар мен қарқынды сатылымның арқасында гүлденіп жатқан кезде, елдің экономикасы 2026 жылдың наурызында әлсіз күйде қалып отыр — жылдық ЖІӨ өсімі тек 0,9–1,2% шамасында болады деп күтілуде.

Еуропалық елдер қару-жарақ импортын үш есеге арттырды

Шведтік институттың деректері бойынша, 2016–2020 және 2021–2025 жылдар аралығында дүниежүзілік қару-жарақ жеткізілімдері 9,2% өскен. Сол кезеңде еуропалық елдер қару-жарақ импортын үш есеге арттырған.

— Азия, Океания және Таяу Шығыстағы шиеленістер мен қақтығыстар қару-жараққа сұранысты арттырса, сол уақытта еуропалық елдерге қару-жарақ жеткізілімінің күрт өсуі бүкіл әлемде қару-жарақ жеткізілімдерін шамамен 10% көбейтті, — дейді SIPRI директоры Мэтью Джордж.

Американдық қарудың ең үлкен бөлігі Еуропаға экспортталды

Сонымен қатар, америкалық қарудың ең көп бөлігі Таяу Шығысқа емес, Еуропаға кетті — бұл соңғы жиырма жылда алғаш рет болып отыр, — делінген Sipri баяндамасында.

2021–2025 жылдар аралығында АҚШ халықаралық қару-жарақ жеткізілімдерінің 42%-ын қамтамасыз етіп, қару-жарақты 99 елге экспорттады. Ал 2016–2020 жылдары бұл көрсеткіш 36% болған. Яғни, АҚШ қару экспортында үстемдігін одан әрі нығайтып келеді.

99 елдің ішінде: 35 мемлекет Еуропада, 18 — Америкада, 17 — Африкада, 17 — Азия мен Океанияда, 12 — Таяу Шығыста.

Бұған дейін Германияның Федералдық армиясы Иран маңындағы аймақтан қосымша әскери күштерді шығаратынын мәлімдеді.