Бүгін «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде көрнекті ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, доцент, «Ахмет Байтұрсынұлы» төсбелгісінің иегері Сара Бахтиярқызының 70 жасқа толуына арналған Ғылыми кеңестің салтанатты отырысына қатысты.
Іс-шара барысында Сара Бахтиярқызының өмір жолы мен ғылыми-педагогикалық қызметі, оның қазақ тілі мен әдебиетінің дамуына қосқан үлесі кеңінен баяндалды.
Жиында Жандос Базартай партияның ғылым мен білімді дамыту, ардагерлерге қолдау көрсетуге бағытталған партиялық жобалардың мән – маңызын атап өтіп, ардагер ұстазды мерейтойымен құттықтап, құрмет көрсетті.
«Сара Бахтиярқызы – бірнеше буын шәкірт тәрбиелеп, ұлттық ғылымның дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлға. «Ардагерлерді ардақтайық» жобасының басты мақсаты да – осындай елге еңбегі сіңген азаматтарға құрмет көрсету, олардың өнегелі жолын жас ұрпаққа үлгі ету. Сіздің еңбегіңіз – партия үшін де, қоғам үшін де аса құнды», – деді облыстық филиал төрағасы.
Сонымен қатар, университет кәсіподақ ұйымының төрағасы Айтжан Оразбақов, Ашық университеттің проректоры Бақытхан Жунайдұлы, И.Әбдікәрімов атындағы жоғары колледж директоры Абайбек Талғатұлы, Орда жоғары колледжі директор орынбасары Алайдар Сануарұлы, шәкірті Самал Ілиясова және әріптестері мерейтой иесіне жүрекжарды тілектерін білдірді.
Сара Бахтиярқызы – саналы ғұмырын ұлт руханиятына арнаған көрнекті ғалым, білікті педагог. Ол еңбек жолын 1978 жылы мектеп мұғалімі болып бастап, 1993 жылдан бері жоғары оқу орнында үздіксіз қызмет етіп келеді. Қазіргі уақытта Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасында доцент.
Ғалым 2003 жылы «XX ғасыр басындағы қазақ поэзиясындағы көркемдік-стильдік ізденістер» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғаған. Оның бірнеше оқу құралы, бір монографиясы және 70-тен астам ғылыми мақаласы жарық көрген. Негізгі зерттеу бағыты – Абайтану, ұлттық әдеби мұра және көркемдік сабақтастық мәселелері.
Ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін ол «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы» медалімен, «Қорқыт ата атындағы Алтын медальмен», облыстың Құрмет грамотасымен және бірқатар төсбелгілермен марапатталған.






