Ғалымның ғибратты жолы

5

0

Адамзат тарихында өзіндік орны бар қасиетті Сыр бойында даналар дүниеге келгені, шығармашылығын әлемге паш еткені тарихтан аян және осы дәстүр әрі қарай жалғаса береді деген ойдамыз. Бастауында текті жердің перзенттері Қорқыт ата, Асан Қайғы, Әбу Насыр әл Фараби тұр.

Әрине, дарынды болу оңай емес және биікке көтерілудің өзі екінің бірінің қолынан келе бермейді.

Халқымыздың дарынды ұлдарының бірі Есенжол Алияров жетпіс жастың табалдырығын аттады.

Ол 1956 жылы Жаңақорған қыс­тағында дүниеге келген. Адамның мінезі ең алдымен, ата-бабасынан дарыған қасиетке, бойына ана сү­тімен сіңген тәрбиеге байланысты. Есенжол Алияровтың белгілі жастар қайраткері және көшбасшысы бо­лып қалыптасып, өмір бойы адал да таза қызмет істеуіне отбасынан ал­ған тәрбиесінің ықпал еткені даусыз.

Атасы Алияр еңбек ардагері әрі өмірдің мәнін адал еңбектен із­деген адам еді. Ал әкесі Қани Алияр­ұлы білікті басшы, іскер ұйым­дастырушы әрі зиялы тұлға бо­лыпты. Анасы Раба өмірдегі бас­­ты мұрат бала өсіріп, солардың қызығын көру деп санаған қазақтың қарапайым, парасатты, ақылды, ең­бекқор аналарының бірі еді. Сол ниетіне сай балалары мен не­мерелерінің қызығын көріп, өмірден өтті.

Болашақ мамандығын таңдауда адамға ортасы, ата-анасы, мектебі, тіпті белгілі бір адамдардың ықпал жасайтыны анық. Табиғатына жа­қын, тәрбиеңе бейім мамандық таң­дау және оны ғылыммен ұштастыру, шыңына шығу деген көп адамның қолынан келе бермес. Есенжол ал­дыңғы толқын ағасы Бірлесбектің ізімен жүріп, өзіне идеал етті. Бұл жолда да жаңылысқан жоқ. Аға­сы іспетті Есенжол да аудан­дағы кі­тап­ханаларды қоймай, бар­лы­ғын оқып шықты десе бола­ды. Ол жылдары техникалық маман­дық­тарға сұраныс та, құрмет те жоғары еді. Бірлесбек ағасы энер­гетик мамандығын таңдады, бүгін­де ҚР ҰҒА академигі, техника ғы­лы­мының докторы, профессор, Мем­лекеттік сыйлықтың лауреаты, елі­мізге, шетелдерге белгілі энер­гетик-ғалым.

Есенжол орта мектепті бітірген соң, Қазақ ауыл шаруашылығы инс­титутына оқуға түсіп, инженер-ме­ханик мамандығын алып шықты. Тәуелсіздіктен соң Мәскеу мемле­кеттік әлеуметтік универси­тетін заңгер мамандығы бойынша өнді­рістен қол үзбей бітірді.

Институт бітірген соң, жолда­мамен Алматы облысы Талғар совхозында инженер-механик, Ок­тябрь совхозы комсомол коми­те­тінің хатшысы болып еңбек жолын бастады. Қазақстан ЛКЖО Алматы облыстық комсомол комитетінің нұсқаушысы, Еңбекшіқазақ аудан­дық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, осы ауданда партия ко­ми­­теті ұйымдастыру бөлімінің мең­­герушісі болды. Бұдан соң Ал­маты облыстық комсомол коми­тетінің, Қазақстан Жастар одағы орта­лық комитетінің бірінші хат­шысы қызметтерін атқарды. Жас­тар тәрбиесімен айналысатын ком­сомол баспалдақтарынан сатылап көтеріліп, іскерлігімен көптің көзіне ерте түсті. Әртүрлі мінберлерден сөзін естіп, заман талабын сезіне білген, ойы ұшқыр, құлашын кеңі­нен сермей алатын жас екен деп сыртынан сүйсініп жүрдік. Қалың елдің аманатын арқалаумен қоса, жастар мүддесін қорғаушы болды. Өз орнына лайық адамға әрқашан сұраныс бар және ол қызметті керек қылғанын емес, қызмет оны керек еткенін байқауға болады.

Есенжол Қаниұлы 1995 жылдан бері кезінде өз бастамасымен құрған «Казинтермол» ЖШС-нің бас ди­ректоры. 2007 жылы Қазақстан гу­манитарлық-саяси конъюнктура ор­талығын, 2011 жылы Саяси зерт­теулер ассоциациясын құрып, еке­уіне де басшылық жасап келе­ді, саяси ғылымдар докторы, про­фессор.

Ғалымның еңбек жолына қарап отырсақ, қандай қиын-қыстау кезең болса да оның жастар проблемасына, ғылымға, саясаттану, әлеуметтану саласына адал болғанын көреміз. Тәуелсіздік алып, ел нарыққа кө­шіп жатқан кезде, ең тұра­лаған са­лалар білім мен ғылым және жас­тар тәрбиесі болғаны бел­гілі. Десе де, ісіне берілген Есен­жол Алияров сынды азаматтар са­ланы тастап кеткен жоқ. Қайта бола­­шақ кадрларды дайындауға барын салды. Осы жылдары «Ин­фор­мационная политика Респуб­лики Казахстан в условиях глоба­лизации», «Анатомия ка­зах­­станской молодёжи», «Со­вер­шен­­ствование правовой системы Республики Казахстан и вклад ака­демика Сартаева С.С. в станов­ление правового государства» моно­гра­фияларын, «СМИ и политика» оқу құралын, «Первые руководители комсомола Казахстана» және басқа да сан алуан ғылыми еңбектерді жазуға атсалысты. Қаламынан туған 160-қа тарта ғылыми және ғылыми-көпшілік зерттеудің әрқайсысының көтерген жүгі бір төбе. Ғалым, сая­саттанушы, әлеуметтанушы, шебер ұйымдастырушы, ұстаз, тәлімгер, кеңесші, ілтипатты пікірлес ре­тінде Е.Алияровтың ғылыми көз­қарастары мен еңбектері қоғам­дық ортада кеңінен белгілі және олар өзінің жаңалығымен, филосо­фия­лық тереңдігімен, негізділігімен, прак­тикалық мәнімен ерек­шеленеді.

Салмақты ой-түйіндерге толы ғылыми еңбектері ағылшын, т­үрік, ұйғыр және басқа тілдерге ауда­рылып жарық көрді. Есенжол Қа­ниұлы білікті ғалым-педагог маман­дарды аттестаттау мен даярлауға да зор үлес қосты. Гуманитарлық мамандарға ғылыми дәреже беру мен бағалауға арналған ғылыми кеңестердің және әл Фараби атын­дағы ҚазҰУ жанындағы диссер­та­циялық кеңестің мүшесі ретінде еңбек етіп келеді. Жиындар мен кез­десулерді ұйымдастыруда да тәжірибесі мол. Халық­ара­лық саясаттанушылардың жазғы мек­те­бін, І Еуразиялық саясаттану­шы­лар конгресін өткізу шарасының же­текшісі ретінде де биіктен көрінді.

Қазақстанда әлеуметтану ғы­лы­мының қалыптасуында оның ең­бегі зор, аймақтық болжау, әлеу­меттік болжау мен жобалау сала­сында өзіндік орны бар. Саяси әлеу­меттанудың өзекті мәселелерін, со­ның ішінде заманауи жағдайдағы саяси әлеуметтануды, тұлғаның сая­си мәдениетін, адам дамуының кри­терийлерін, бәсекелестікке қабі­летті және инновациялық тұлға­ның қалыптасуын, Қазақстан Рес­пуб­ли­касының тұрақты даму үдері­сіндегі әлеуметтік аспекті­лерін зерт­теу­ші ғалым ретінде танымал. Осы жол­дағы бағыты әлеуметтанулық білім мен тәрбие мәселелері, әлеуметтік ғылымды оқу пәні ретінде инсти­ту­ционализациялануы, қазақстан­дық әлеуметтанудың тенденциясы мен әлеуеті салаларына арналған.

Профессор «Комсомолдағы бел­сенді жұмысы үшін» белгісімен, «Ең­бекшіқазақ, Жаңақорған ауда­нының құрметті азаматы» деген атақпен, мерейтойлық медаль­дармен және грамоталармен мара­пат­талған.

Е.Алияров білім саласын же­тілдіруге де көп күш жұмсады. Жо­ғары білім беру жүйесінің өзек­ті мәселелерін талдап, өз пікірін айтып, даму жолдарын көрсетті. Сая­­саттану, әлеуметтану, құқық­тану мамандығына қамқор­лық­пен қарайды. Ұзақ жылдар бойы осы маман­дықтардың жетіліп да­муы­на орасан зор еңбек етті. Аты шар­тарапқа жайылған ғылыми мектеп қалып­тастырды. Өзінің мағы­налы өмір жолымен, ішкі рухани бай­лығымен, адами қасиет­терімен, кіші­пейілділігімен, еңбекқорлығымен, парасаттылығымен жастарға, үл­кендерге үлгі болып, саясатта­ну­шы­лар, әлеуметтану­шылар ғана емес, білім, ғылым қуған жастардың рухани көсемі, ақылшысы, тәрбие­шісі бола білді.

Ендігі бір айтатын сөз – ұстаз­дық қасиеті. Оның дәрісін тыңдап, білім алып, маман болып шыққан жастар бар. Бүгінгі күні көр­некті саясаттанушылардың, әлеу­мет­тану­шылардың біразы – оның шәкірт­тері. Ал ғылымдағы ізба­сар­лары өз алдына бір төбе.

Оның ғылыми жетекшілігімен, көмегімен, қамқорлығымен жазы­лып қорғалған дипломдық жұмыс және магистрлік, докторлық диссер­тациялар елуге тартады.

Өз басым Е.Алияровты бұқара­лық ақпарат құралдары арқылы, мемлекеттік жиындарда, әртүрлі халықаралық және республикалық ғылыми конференцияларда, салта­натты жиналыстарда, ғылыми дә­реже беретін диссертациялық ке­ңес­тегі талқылауда, жастармен кез­де­сулерде талай рет тыңдап, тәнті бол­ғаным бар. Әсіресе, оны қазақ балаларына отансүйгіштік тәлім-тәрбие беру, жастардың құқықтарын қорғаудың жаңа механизмдері мен тәсілдерін іздестіру, балалар бойына имандылық пен физиологиялық денсаулық нышандарын орнықтыру мәселелері қатты толғандырады.

Қарапайымдылық пен ұстамды­лық, сабыр мен тектілік қандай жағ­дайда да өз ұстанымын, ойын ашық жеткізуге, әріптестерімен жылы әрі тұрақты қарым-қатынасты сақ­тауға көмектеседі деп ойлаймын. Сөзге, пікірге талғампаздықпен қа­райтын тектілігі тұлғасын биік­тете түсетіндей. Болашақ ғылы­ми зерттеулерге, оқу-тәрбие жұмыс­та­рына бағыт-бағдар сілтеу оңай шаруаға жатпайды. Дегенмен сол жұмысты да күні бүгінге дейін ат­қарып келеді.

Парасаты биік, жаны дарқан, бір сәтке де тыным таппайтын ерен еңбекқор, көрнекті тұлға, ұлағат­ты ұстаз, өзіндік өрелі байламы бар өткір ғалым, бұл күнде студент­тер­дің, магистранттардың, докто­рант пен оқытушылардың, халық­тың құр­меттісі және беделдісі.

Міндетті түрде айтылатын тағы бір қыры бар. Ол – жанашырлығы, қамқорлығы. Қаншама жыл жа­нын­да жүргендердің байқағаны Есен­жол Алияровтан «жоқ» деген сөз шықпайды. Шамасы келсе көмек­теседі, келмесе ақылын айтады. Жас болсын, кәрі болсын алғыстарын жаудырып, ризашылығын айтып жатады. Мұндай кеңдік, мыр­за­лық көп адамның қолынан келе бермейді.

Есенжол Алияров – жаны бай, досы көп адам. Өйткені, өзі дос­тыққа берік, адал. «Досым көп болсын десең, өзің дос бола біл» деген қағиданы ұстанады. Алма­тыда, Астанада, Мәскеуде, Біш­кек­те, Ташкентте, Минскіде ғалым әрі жайсаң азамат ретінде таниды.

Е.Алияров өзінің шығарма­шы­лық қызметінің әрбір кезеңінде ал­дына жоғары мақсаттар, іргелі, күр­делі жұмыстар қояды, ең бастысы, олардың жүзеге асуына қол жет­кізеді.

Бойында бар зияткерлік қуат-күшін, қажыр-қайратын тә­уелсіз Отанымыздың игілігіне, өр­кен­де­уіне бұдан былай да жұмсай бермек.

Міне, ірі ғалым, көрнекті саяси, қоғам қайраткері, жарқын тұлға, абыз профессор Е.Алияровтың өмір жолы мен шығармашылығы осын­дай бай және мазмұнды. Оның өмір жолы ізденіс жолы деуге болады.

Бүгінде Есенжол Қаниұлы Алия­ров жетпісті артқа тастағалы отыр. Сол жетпістің төріне тоқтамай шық­қан профессордың әлі берері көп. Өзінің ұзақ жылдар бойғы жемісті еңбегімен, тектілікпен ұласқан па­расат-пайымымен, ірі, дара ғалым, ұлағатты ұстаз дәрежелерімен қоса халқының шынайы тілекшісі, ел ағасы дәрежесіне көтерілді. Осы орайда ойға қазақтың Құлагер ақыны Ілияс Жансүгіровтің: «Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, Елі тегі қайдан алсын кемеңгерді» деген екі жол өлеңі түседі. Шынында, хал­қына қалтқысыз еңбек етіп жүр­ген азаматты осылайша ардақ­тау қашанда абыройлы іс деп ойлай­мыз. Ендеше, туған халқының жан­ашыры, парасатты патриоты, нағыз ұлт зиялысы дәрежесіне кө­­те­рілген көрнекті ғалым, да­рын­ды тұлға, профессор, саяси ғы­­лым­дарының докторы Е.Алия­ровты 70 жылдық мерейлі мере­кесімен құттықтай отырып, оған зор денсаулық, отбасына амандық, табыс тілегеніміз абзал болар!

Раушанбек ӘБСАТТАРОВ,

ҚР ҰҒА академигі, философия ғылымдарының докторы, профессор