«Студенттер сарайында» белгілі ғалым, техника ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық Аграрлық Ғылымдар академиясының академигі Сұлтанбек Тәуіпбаевтың 70 жылдығына орай ғылыми кеңес өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет қатысты.
Кеңесте техника ғылымдарының докторы, профессор Серікбай Өмірзақов баяндама жасады. Ғибратты ғұмыр иесінің Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтындағы студенттік жылдары, ғылымға ден қоюы, Мәскеудегі ізденіс кезеңі, профессор Н.Фролов мектебінен өтуі оның ғылыми қалыптасуындағы шешуші белестер ретінде сипатталды. Әсіресе, гидротехникалық құрылымдар тарихын зерттеу Арал өңірінің гидроэкологиялық ахуалын ғылыми тұрғыдан саралау еңбектері нақты мысалға арқау болды.
С.Тәуіпбаев еңбек жолында жергілікті жоғары оқу орнында ұстаздық және басқарушылық қызмет атқарды. Қызылорда өңіріндегі инженерлік білім мен аграрлық ғылымның дамуына қосқан үлесі, кадр даярлау ісіндегі ұйымдастырушылық қабілеті сөз болды.
Аймақта су шаруашылығы саласын басқарған жылдары кездескен күрделі жағдайлар, дағдарыс сәтінде нақты шешім қабылдай білуі, саланы жүйелі жолға қоюы оның тек ғалым емес, тәжірибелі менеджер екенін көрсетті.
С.Тәуіпбаев «Қызылордасушаруашылығы» КМК кәсіпорнының директоры, Сырдария, Жаңақорған аудандарының әкімі болды. 2005-2007 жылдары облыстық мәслихаттың депутаты ретінде аймақтағы өзекті мәселелердің шешілуіне атсалысты. Қызылорда қаласы, Жалағаш, Сырдария және Жаңақорған аудандарының құрметті азаматы атанды.
Салтанатты шарада облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет аймақтағы аграрлық саланың дамуына үлкен үлес қосқан Сұлтанбек Тәуіпбайұлының еңбегіне лайықты баға беріп, Құрмет грамотасын табыс етті.
Конференция барысында ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қызылорда ашық университетінің ректоры Қылышбай Бисенов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарушы директоры, экономика ғылымдарының кандидаты Ерлан Айтаханов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірбек Шәменов және өзге де азаматтар жүрекжарды лебіз білдіріп, сый-сияпат көрсетті.
Әділжан ҮМБЕТ,
«Сыр бойы»





