Биыл Сыр аймағының тарихынан бөліп-жарып қарауға болмайтын, әлемдегі ең алғашқы ғарыш айлағы және ғарыш кешеніне, сонымен бірге Байқоңыр қаласының іргетасы қаланғанына 70 жыл толып отыр. Жергілікті халық Жеркіндік, сонымен қатар Байқоңыр деп атаған, ал кеңестік саясат барынша құпия ұстауға тырысса да, жер жүзінің назары еріксіз ауған «жұлдызды қалашыққа» Кеңес Одағы Ленинск атауын берген.
Ғарыш айлағының, зымыран ұшыру кешендерінің құпия ұсталғаны соншалық, бұрын біз, жергілікті тұрғындар, жер жүзіндегі алып құрылыс алаңы тек бейбіт мақсатта ғана қолданылады деп ойлаушы едік. Мұның сырын, тек тәуелсіздік алғаннан кейін анық-қанығын біртіндеп біліп келеміз.
Осыдан тура 70 жыл бұрын, 1955 жылдың 12 ақпанында КСРО Орталық комитеті мен Министрлер кеңесінің алғашқы отандық құрлықаралық баллистикалық зымыран (межконтинентальная баллистическая ракета) «Р-7»-нің ұшырылуын пысықтау үшін, әскери полигон құру туралы бірлескен қаулысы шығады. Арнайы комиссия Марий АССР, Дағыстан, Астрахань және Қазақ ССР-нің Қызылорда облысы аумағын зерделеп-таразылап, талдап көреді. Іздегенге сұраған, Қазақстанның көкжиегіне көз жетпейтін шөлді, тақыр даласы осы мақсатқа өте қолайлы көрінеді. Тағы бір себебі, бұл аймаққа ел-жұрт аса көп қоныстанбаған әрі теміржол желісі мен сол кездегі Сырдарияның кемерінен асып жатқан ағынды суы жақын жерде еді. Ең негізгісі – ұшыру алаңынан жүздеген шақырым қашықтықта орналасқан радио басқару жүйесі қолайлы нүктеде.
Ғарыштық зымырандардың бас дизайнері Сергей Королев «ұшыру алаңы экваторға неғұрлым жақын орналасса, зымыранның қозғалыс жылдамдығын пайдалану соғұрлым ыңғайлы болады» дейді. 1955 жылдың 12 қаңтарында әскери құрылысшылардың алғашқы тобы «Төретам» станциясына ақпан айында, №5 полигонның ғылыми-зерттеу тобы станцияға жақын жерге келіп орналасады. Полигонды қалыптастыру ауданына «Тайга» шартты атауы қойылған, оған дейін ғарыш айлағы деген сөз атымен болмаған. Сол жылы наурызда «Төретам» төңірегін мұқият зерттеген орыс ғалымдарының дерегімен жедел топ ұйымдастырылды. Қала құрылысын бастаған алғашқы құрылысшыларға қатал табиғат тауқыметіне қарсы тұруға тура келді. Қыста 35-40 градусқа жуық аяз, азынаған суық жел, жазда құмды дауыл, шілденің шіліңгір ыстығы құрылысшыларға үлкен кедергі келтірді. Осылайша, 1955 жылдың 5 мамырында «Байқоңыр» космодромының іргетасы қаланды. Әлемдік ракета қондырғылары орналасқан шағын қалашықтарға қарағанда, қаланың өзі асқан шапшаңдықпен, үлкен қарқынмен дамыған. Қала үйлері дайын болғанша, офицерлер отбасылары Төретамдағы вагондарда, жергілікті тұрғындардың үйлерінде қоныстанған. Тұрғындардың әскери құрылысшыларға жылы қабақ танытып, қонақжайлылықтың нағыз үлгісін көрсетуі олардың жұмысының жүйелі жүруіне айтарлықтай ықпал еткені анық. Құрылған уақыттан бері «Байқоңыр» әлемдегі ең ірі ғарыш кешені болып саналады. Ұшыру алаңдарына бетон және теміржол кірме жолдары салынған. Қала 1995 жылдың 20 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Байқоңыр» атауын иеленген. Жалпы аумағы 6717 шаршы шақырымды алып жатқан әлемдегі ең ірі жер бетіндегі ғылыми ғарыш полигоны бір кездегі СССР атанған алып мемлекеттің даңқын аспандатты.
Әлімжан ҚИЯС





