Қазақ жерінде қуыршақ театры ұлттық ойындардан бастау алған. Ертеден келе жатқан «Ортеке» ойыны осының дәлелі. Ағаштан жонылып жасалған киік немесе ат мүсінін сылдырмақтап жіп тағып, домбыраны шерткенде жіптің бір ұшын ішекті шертер саусаққа іліп билететін болған. Тартылған күй ырғағына қарай «Ортеке» ойын көрсеткен.
Сыр еліндегі алғашқы қуыршақ театр өнерінің негізін қалап, бүгінгі күнге дейін мағынасы терең талай балалар қойылымдарын сахналап, болашақ ұрпақ бойына адамгершілік пен мейірімділікті сіңіруде Мәдениет саласының үздігі, Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театры «Нартайдың бүлдіршіндері» қуыршақ тобының режиссері Күләш Жанмұратованың еңбегі орасан.
1983 жылы мәдени-ағарту училищесін «Клуб қызметкері, көркемөнер театры ұжымының жетекшісі» мамандығын, 1991 жылы Т.Жүргенов атындағы Алматы мемлекеттік театр және көркемсурет өнері институтын «қуыршақ театрының актері» мамандығы бойынша тәмамдаған Күлаш Дүйсенқызы биыл мерейлі 60 жасқа келсе, «Нартайдың бүлдіршіндері» қуыршақ тобының құрылғанына 20 жыл толып отыр.
Күләш Дүйсенқызы 2004 жылдан бастап Нартай Бекежанов атындағы облыстық музыкалық академиялық драма театрының жанынан құрылған «Нартайдың бүлдіршіндері» қуыршақ тобының режиссері болып қызмет атқарып келеді.
Кішкентай көрерменнің көз алдына бүкіл әлемді сиқырға бөлеп жіберетін сирек мамандық иесі К.Жанмұратова сахналаған «Алтын сақа», «Ақылды ақшақар», «Алдаркөсе мен шайтан», Т.Миңнуллиннің «Ауыл иті Ақбай», Р.Киплингтің «Маугли», Г.Ландаудың «Балапан қораз», О.Әубәкіровтің «Қожа мен спорт», Ө.Тұрманжанов «Құмырсқалар, аралар, қиыспас дос құдалар», Ж.Қожаберген, К.Жанмұратованың қаламынан туған «Ит пен мысық, тышқан дос», «Тапқыр бұзау», «Алдаркөсе, Қарадәу+Супертасбақа», С.Мақұлбековтің «Балапан», Ә.Файзуллаұлының «Үй таңдаған лақ», М.Байғұттың «Достық қымбат бәрінен» және А.Сент-Экзюперидің «Кішкентай ханзада» (реж. Б.Парманов) қуыршақ спектакльдері қазіргі таңда Сыр бүлдіршіндерінің сүйікті ертегі қойылымдарына айналды. Ол репертуар таңдауда үлкен ізденіске барады. Түрлі тақырыптарды қамти отырып, сан қилы идеяларды ұштастыра білетін өнер иесі.
Драма театрының болашақ көрермендерін тәрбиелеп, үлкен сахнаның көрерменін даярлауда К.Жанмұратованың еңбегі зор. Репертуардағы «Ауыл иті Ақбай», «Балапан қораз», «Тоқта, сақтан жол ашық!» атты қойылымдары бүлдіршіндерді тәлім-тәрбиеге баулитын, достық пен адалдықтың, жақсылық пен жамандықтың айналасында өрбитін тақырыптық спектакльдер болып табылады. Қуыршақ тобындағы жас артистерге ұстаздық етіп қуыршақтармен жұмыс істеуді, оның өзіндік техникасын үйрете жүріп, ертегі спектакльдердің шығармашылық деңгейін биікке көтеруге бар ынтасымен кірісіп, мол ізденіс пен қажырлы еңбек етіп жүрген шын талант иесі театрда балалар аудиториясын қалыптастыра білді.
Қазіргі таңда театрда қуыршақ тобының көрермен, артистерге арналған дайындық залы және қуыршақтар сақтайтын арнайы қоймасы да бар. Әр қойылым барысында режиссер балаларға аз-кем мәлімет беріп, қуыршақ жүргізу өнерінің қыр-сырымен таныстырады. Қуыршақтың бірнеше түрлері бар: таяқ қуыршақ, планшет қуыршақ, бессаусақты қолғап қуыршақ, бойлы қуыршақ және марионетка.
Қажырлы еңбегі мен театр өнерінің дамуына қосқан үлесі үшін К.Жанмұратова «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен, облыстық кәсіподақтар ұйымының, Қазақстан Театр қайраткерлері одағының Құрмет грамотасымен, облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Күләш Жанмұратоваға күні кеше 60 жылдық мерейтойы қарсаңында Қазақстан Театр қайраткерлері Одағының «Дара» төсбелгісі табысталды.
Сахнадағы әрбір сәті ертегі ғұмырға айналған Күләш Дүйсенқызына барша жақсылықты тілейміз. Өнер әлеміндегі дара жол, дара өнер түрі – қуыршақ тобының сахналық туындылары көп болғай!
Ұлбосын ҚЫЛЫШБАЕВА,
театртанушы, сыншы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<