«Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан» деп хакім Абай айтқандай, адам баласының өмірден өз орнын тауып, азамат болып қалыптасуында ата-ананың рөлі қандай болса, шәкіртіне білім нәрін құятын ұстаздың да орны айрықша.
Сондай асыл жандардың бірі – биыл туғанына 90 жыл толған, облысымыздағы ең алғашқы техника ғылымдарының кандидаты, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің (бұрынғы Н.Гоголь атындағы пединститут) «Физика және физиканы оқыту әдістемесі» кафедрасын басқарып, ұзақ жылдар бойы ұстаздық қызмет жасаған профессор Базарбек Қашқынбаев.
Базарбек Қашқынбайұлы 1935 жылы 12 қазанда Тартоғай ауылында дүниеге келген. Балалық шағы соғыс жылдарына және соғыстан кейінгі ауыр кезеңдерге сәйкес келді. Баланың үлкені болғандықтан еңбекке ерте араласты.
Өзі кейде: «Нан табу үшін барлық жұмысты атқардық. Кесек өруді үйреніп алып, көрші-қолаңның үй-сарайын салуға қатысқан күндерім де болды. Оқуға өте ынталы, жасымнан зерек едім. Жұмыстан қалжырап, әбден шаршап келсем де, қолымнан кітабым түспейтін» деп отыратын.
Қиындыққа шыңдалып өскен Базекең бастауыш мектепті №13 Құмсуат колхозында, жетіжылдықты Ким мектебінде, ал орта мектепті Бірінші май кеңшарында бітірді. Қызылорда пединститутының физика-математика факультетіне оқуға түсіп, оны 1957 жылы үздік бітірді. Мұғалімдік қызметінің алғашқы қадамын өзі оқып бітірген қазіргі №40 орта мектепте физика, математика пәндерінен сабақ беріп бастайды. Тынымсыз еңбегінің және үздіксіз ізденісінің арқасында 2-3 жылдың ішінде оқу ісінің меңгерушісі қызметіне тағайындалды. 1962 жылы өзі білім алған Қызылорда пединститутының «Теориялық физика» кафедрасына оқытушылық қызметке шақыртылды. Дәріс бере жүріп, ғылыми бағыттағы зерттеушілік жұмыстармен айналысты. Институттағы қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, партия ұйымының хатшысы, институт партбюросының мүшесі болып сайланды.
Жас маманның терең білімі мен ғылымға деген құштарлығын, зерттеу жұмыстарына деген бейімін байқаған кафедра меңгерушісі Зұлқарнай Икрамов оны өзі оқыған Киевке аспирантураға түсуіне бағыт-бағдар береді. Сөйтіп ғылымдағы ізденісін 1967 жылы Т.Шевченко атындағы Киев университетінің «Теориялық механика» кафедрасында аспирант болудан бастайды. «Жоғары жиілікті электр тогын өндіретін жаңа типтегі массивті роторлы турбогенераторлардан электромагниттік өрістің таралуын зерттеу» тақырыбында ғылыми зерттеуін 3 жылда аяқтап, диссертациясын сәтті қорғап, техника ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесіне ие болып елге оралды. 1971 жылдан пединституттың «Физиканы оқыту және жалпы техникалық пәндер» кафедрасын басқарды.
1977-1979 жылдары Киевтегі Украина Ғылым академиясының Электродинамика институтында докторантурада оқып, өзінің ғылыми зерттеуін жалғастырды. Зерттеу қорытындысы бойынша халық шаруашылығына аса қажетті жоғары жиілікті электр тогын өндіретін жаңа типті массивті турбогенераторлардың жаңа үлгісі ұсынылды. Сонымен қатар, физика-математика факультетінің материалдық-техникалық базасын дамытуға, физика бағыты бойынша лабораторияларды кешенді жасақтауға қомақты үлес қосты.
Аспирант және докторант болып жүрген кезеңінде тумысынан еңбекқор Базекең Киев университетінде білім алып жатқан барлық қазақ азаматтарының тәртіпті болуын, уақытылы оқу залына барып ғылыммен айналысуын, жатақханадағы тәртіпті бұзбауын қатаң бақылаған. Ғылым жолына түскен жастардың барлығына дерлік Базекең ағалық және ұстаздық қамқорлық жасап отырған. «Ішетін тамағымыздан бастап, ғылыми тақырыпты таңдау және ондағы зерттеу жұмыстарына дейін ақылын айтып, жол сілтейтін» деп еске алатын сол жылдары Киевте оқыған белгілі ұстаз, марқұм Ысқақ Қарқынбаев ағамыз.
Докторантураны бітіргеннен кейін Қызылорда пединститутына кафедра меңгерушілігі қызметіне қайта оралды. 1989 жылдан сырттай оқу факультетінің деканы, 1993 жылдан профессор, осы жылы институт жанынан дарынды оқушыларға арналған қазақ-түрік лицейін ашуға өз үлесін қоса отырып, осы лицейдің директоры болып тағайындалды.
Жоғары оқу орны мен лицейде қатар сабақ бере жүріп, студенттер мен оқушылардың бойында оқу-білімге, ғылымға деген құштарлықты арттырып, Отанға және туған жерге деген сүйіспеншілігін қалыптастыру бағытында өлшеусіз еңбек сіңірді.
Ағайдың шәкірттері арасында ғылым докторлары мен ғылым кандидаттары, жоғары оқу орны ректорлары мен институт директорлары, қалалық және аудандық білім бөлімі басшылары, мектеп директорлары көптеп кездеседі. Олардың барлығы әлі күнге дейін өздерінің тұлға болып қалыптасуындағы Базарбек ағайдың сіңірген еңбегі жайлы айтып жүр.
«Әлемдегі ең басты құдірет – еңбек. Сосын тәртіп» деп өскен Базекең физика ғылымы және оны оқыту әдістемесі тақырыбы айналасында 60-тан аса еңбегін одақтық, Украина және қазақстандық белгілі басылым беттерінде жариялады. Ол «СССР оқу-ағарту ісінің үздігі» белгісімен, ҚР Білім және ғылым министрлігінің және облыстық кеңестің Құрмет грамоталарымен, «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.
1997 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті тарихында Меккеге барып қажы атанған тұңғыш ғалым да Базарбек ағай болатын.
Ол ұлағатты ұстаздықпен қатар үлгілі отбасы иесі, жақсы әке болды. Жұбайы Тоқсұлу апай – Сыр бойының белгілі азаматы, Социалистік Еңбек Ері Көшербай Дәрібаев ақсақалдың қызы, пединституттың физика-математика факультетін бітіріп, ұзақ жылдар бойы Қызылорда қаласындағы С.Сейфуллин атындағы №4 орта мектепте математика пәнінен сабақ берді.
Тоқсұлу апай жайлы шәкірті, Қызылорда облысы әкімі қызметін атқарған Гүлшара Әбдіқалықова: «Біздің Тоқсұлу апайымыздың ұлағаты тынымсыз еңбегі мен шәкіртінің жүрегіне жол тапқан шеберлігінде, керемет білімінде, бойына жиған парасаты мен ізгі адамгершілік қасиетінде еді. Апайымызды жақсы көретініміз, ерекше құрметтеп, сыйлайтынымыз соншалықты, сабағында шыбынның ызыңы да естілмейтін, құлаққа ұрған танадай тыныштық орнап, оқушы атаулы ұйып тыңдаушы едік. Ұстазымыз сабақта қосымша материалдарды көп пайдаланатын, біздің математикаға қызығушылығымызды одан сайын арттыра түсетін. Математика менің ең сүйікті пәніме айналды. Пәндік олимпиадаларға қатысып, жеңімпаз атанып отырдым» деп еске алады.
Ағайдың туған інісі Орынбасар – ғылым кандидаты, доцент, Киев университетінің түлегі. Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде математикадан дәріс берді. Ұлы Сексенбай мен қызы Жанат – ғылым кандидаттары, басқа балалары Қанат, Серік және Салтанаты – жоғары білімді мамандар.
1999 жылдың наурыз айында Базарбек ағайымыз дүниеден озды. Өзі өмір бойы дәріс өткізген университеттің «Электротехника негіздері» зертханасына профессор Базарбек Қашқынбайұлының есімі берілді. Мәскеу, Ленинград, Киев және Алматы қалаларынан жинаған 3000-нан астам құнды кітаптарын жұбайы Тоқсұлу апай мен баласы Сексенбай университет кітапханасына сыйға тартты.
Өнегелі, ғибратты ғұмыр кешкен жанның есімін есте қалдыру мақсатында Қызылорда қаласы көшелерінің біріне және Шиелі ауданынына қарасты Бірлестік ауылындағы №142 мектепке профессор Базарбек Қашқынбайұлының есімі берілді. Сексенбай бастаған ұрпақтары мектепке ғалым-ұстаздың өмір жолы және ғылыми ізденістері жайлы терең мағлұмат беретін арнайы музей жабдықтап, радиоаппаратура сыйлады. Жақында ағайдың туғанына 90 жыл толуына орай арнайы ас беріп, №142 мектептің үздік 5 оқушысына және мектеп ұжымына Б.Қашқынбаев атындағы сыйлықтар тапсырды.
Базарбек ағамыз бен Тоқсұлу апайдың соңында өшпейтін өнегесі, жақсы есімдері, қанағатшыл да қарапайым келбеті мен үрім-бұтақ ұрпақтары, саң мыңдаған шәкірттері, шәкірттерінің жүрегінде уақыттың тозаңы қонбас білімі қалды. Ол – мәңгілік! Абай хакімнің «өлсе өлер табиғат, адам өлмес» дегені де осы шығар!
Бауыржан ЕЛЕУСІНОВ,
шәкірті, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі





