Қазақстанның биология ғылымы мен жоғары білім беру саласында өзіндік орны бар көрнекті ғалым, биология ғылымдарының докторы, профессор, ұлағатты ұстаз — Ибадуллаева Салтанат Жарылқасынқызы биыл 60 жасқа толып отыр. Бұл жас – үлкен өмір мен ғылым жолындағы өлшеусіз еңбекке, мағыналы ғұмырға есеп берер, жаңа биіктерге бастар мерейлі белес.
Салтанат Жарылқасынқызы өзінің еңбек жолын биология ғылымына арнады. Ерте бастан-ақ ғылымға деген сүйіспеншілігімен, ізденімпаздығымен, жауапкершілікке толы көзқарасымен дараланып, зерттеу әлемінде өзіндік із қалдырды. Сонымен қатар мол тәжірибе мен терең білімді ұштастыра отырып, адам анатомиясы мен физиологиясы, адам экологиясы, биологияны оқыту әдістемесі салаларында маңызды ғылыми еңбектер жазды.
Салтанат Жарылқасынқызының еңбектері отандық және шетелдік ғылыми басылымдарда жарияланып, халықаралық деңгейде жоғары бағаланды. Ғалымның жетекшілігімен көптеген магистрлік, кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғалып, биология ғылымына жаңа буын зерттеушілер келді. Ғылымдағы табандылығы мен тиянақтылығы – жас ғалымдарға үлгі.
Ғалым – саналы ғұмырын білім саласына арнаған ұстаз. Ол шәкірт тәрбиелеуді өз міндеті деп түсініп, әр студентке жеке тұлға ретінде қарап, терең біліммен қатар адами құндылықтарды да бойларына сіңіріп келеді.
Профессордың дәрістерінен алған білім талай жастың ғылым жолына түсуіне, кәсіби білікті маман болып қалыптасуына себеп болды. Әріптестері арасында беделді, шәкірттері үшін мақтаныш.
Салтанат Жарылқасынқызы — тек ғалым ғана емес, бір әулеттің ардақты анасы, ұрпақтың ұйытқысы. Ұл-қыз тәрбиелеген асыл ана, сүйікті жар, немере-жиендерінің ардақты әжесі.
Құрметті Салтанат Жарылқасынқызы!
Өмір жолыңыз — ұрпаққа үлгі, ғылым жолындағы табыстарыңыз — ел мақтанышы. Сізге шын жүректен зор денсаулық, қажымас қайрат, шығармашылық шабыт, отбасыңызға амандық тілеймін. Ғылымдағы абыройыңыз арта берсін!
60 жасыңыз құтты болсын!
Ізгі ниетпен шәкіртіңіз: Ауезова Нұрқұйған Сражадинқызы
Астана халықаралық университетінің ассоц профессоры м.а, биология ғылымдарының кандидаты.





