Шералы Шапатайұлы Ибраев тумысынан алғыр, қайсар, мұғалімдерінің сүйікті шәкірті, арманы биік, мақсаты зор болды. Өзі туып-өскен совхоздағы Абай атындағы №50 орта мектепті бітіріп, ғұлама ғалымдардың жолын қусам деген асқақ арманымен 1982 жылы Н.Гоголь атындағы Қызылорда педагогика институтының физика және математика факультетіне түскен. Институт қабырғасында алғыр студенттер қатарында болып, сол кезеңдегі ең жоғары шәкіртақыны алған.
Еңбек жолын Шиелі ауданындағы №133 Жансейіт орталау мектебінде физика және математика пәнінің мұғалімі, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарумен бастады.
Жастайынан ғылымды таңдаған маман 1990-1996 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде «Физика және физиканы оқыту әдістемесі», «Математика және математиканы оқыту әдістемесі» кафедраларында өзі дәріс алған аға буын ұстаздарымен бірге оқытушы, аға оқытушы қызметтерін абыроймен атқарды.
1996-1999 жылдары Теориялық және қолданбалы математика институтының аспирантурасында оқыды. Аспирантураны сәтті тәмамдаған Шералы Шапатайұлы 1999-2018 жылдары жоғары оқу орындарынан алған білімі мен біліктілігін «Болашақ» университетінде аға оқытушы, кафедра меңгерушісі, декан, оқу-ғылыми істер жөніндегі проректор және ректордың міндетін атқарушы қызметтерімен ұштастырды.
«Адамның адамшылығы ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деген Абай өсиетін өмірлік ұстанымына айналдырған ғалым талпынысын тек арманмен емес, нақты іспен дәлелдеп келеді.
2001 жылы Шералы Ибраев әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде көрнекті ғалым, физика-математика ғылымдарының докторы А.Жұмаділдаевтың жетекшілігімен «Классикалық модуляр Ли алгебраларының жіктелмейтін кеңеюлері мен когомологиялары» тақырыбында кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап, ғылым жолындағы маңызды белестің бірінен өтті.
2009 жылдан бері ол ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті қаржыландыратын жобаларға белсенді қатысып келеді. Ибраевтың ғылыми бағыты – алгебрадағы күрделі салалардың бірі, нақтырақ айтқанда, классикалық топтар мен классикалық Ли алгебраларының көріністері мен когомологиялары. Оның зерттеулері классикалық алгебралық құрылымдардың көріністер теориясының дамуына зор үлес қосқан Софус Ли, Эли Картан және Герман Вейль сынды ғалымдардың еңбектерінен бастау алады. Шералы Ибраев модуляр жағдайдағы Ли алгебраларының көріністері мен когомологияларына қатысты бірқатар маңызды нәтижелерге қол жеткізді. Атап айтқанда, аз өлшемді Ли алгебралары мен алгебралық топтардың жіктелмейтін кеңеюлерін анықтап, сегіз өлшемді классикалық модуляр Ли алгебрасының когомологияларын толық есептеп шықты. Сонымен қатар, оң сипаттамалы алгебралық топтар мен олардың Ли алгебралары когомологияларының эквиваленттігіне қатысты шешілмеген күрделі есептерге нақты жауап тапты. Вейль модульдерінің құрылымына байланысты классикалық теоремалардың модуляр аналогтарын дәлелдеді.
Кейінгі жылдары ғалым контрагредиентті Ли алгебраларының көріністерін де терең зерттеп жүр. Осы салада модуляр контрагредиентті Ли алгебраларының келтірілмейтін жалпылама шектелген көріністерін толық классификациялауға қол жеткізді.
Шералы Ибраевтың ғылыми жұмыстары Қазақстан ғылымының халықаралық деңгейде танылуына өзіндік үлес қосуда. Оның зерттеу нәтижелері Web of Science және Scopus базаларында тіркелген халықаралық басылымдарда жарық көрген.
Ғылым мен жоғары білім саласындағы еңбегі еленіп, Шералы Ибраев бірқатар салалық марапаттарға ие болды. Ол ҚР Білім және ғылым министрінің Алғыс хаттары, Құрмет грамоталарымен, сондай-ақ ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталған. Министрліктің конкурстық негізде тағайындалатын «ЖОО-ның үздік оқытушысы» атағын иеленген.
Физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі Асқар Жұмаділдаев Baribar.kz сайтына берген сұхбатында Шералы Ибраевтың ғылыми жұмысына оң бағасын берген. «Когомология саласында жұмыс істейтін Шералы Ибраев деген бала бар. Бүкіл ТМД-да оның деңгейіндегі адам жоқ. Өте мықты. Екеуміз «Ли алгебрасы» деген кітап шығардық. Ол – қазақ тіліндегі бірінші кітап» деп атап өткен.
Ол – жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруді басты мақсат еткен ұстаз. Математика ғылымының терең тұңғиығын меңгерген маман қазіргі күні жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесінде бәсекеге қабілетті кадрлар дайындауға белсенді атсалысып келеді.
Кейінгі жылдары ол оқу үдерісіне ғылым мен инновацияның жаңа жетістіктерін енгізіп, білім сапасын арттыруға ерекше үлес қосуда. Ғалымның бастамасымен «Ассоциативті емес алгебралар» және «Модульдер мен көріністер» атты жаңа пәндер дайындалып, олардың оқу бағдарламалары мен оқу құралдары әзірленіп, студенттерге ұсынылды.
Бүгінде оның жетекшілігімен зерттеу жүргізіп жүрген магистранттардың ғылыми еңбектері де осы оқу үдерісін жетілдіруге бағытталған. Жас зерттеушілердің табыстары ұстаздың еңбегі мен бағыт-бағдарының нәтижесі екенін айқын көрсетеді.
Әр сабағын өмірмен байланыстырып өткізуге тырысатын ұстаз студенттерге математика тек формулалар емес, ойлау мәдениеті екенін ұғындырады. Оның еңбегі – ғылым мен білімнің тоғысқан тұсында жаңа ұрпақтың ойлау кеңістігін кеңейтуге бағытталған ізгі миссияның жарқын үлгісі.
Бүгінде алпысты алқымдаған Шералы Шапатайұлы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде «Физика және математика» кафедрасының қауымдастырылған профессоры ретінде еңбек етуде.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»





