Ғылыми әлеует артып, халықаралық байланыс нығаюда

3460

0

Фото: Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті

Еліміз бойынша өңірлік университеттердің ғылым саласындағы жаңалықтары артып, шетелдік ЖОО-лармен халықаралық байланысы нығаюда.

Осы орайда Алаштың анасы атанған Сыр еліндегі іргелі білім ордасы – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің даму деңгейі туралы оқу орнының Басқарма төрағасы – Ректоры Бейбіткүл Кәрімовамен сұхбаттастық.

Бейбіткүл Сәрсемханқызы, биыл Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті білім, ғылым саласы бойынша қандай межені бағындырды?

– 2023 жылы университетте нәтижелі жұмыстар атқарылды деуге толық негіз бар. Алғаш рет университет QS Word University Rankings – 2024 халықаралық рейтинг агенттігінің талдауы бойынша ТОП-1200-1400 орынды иемденді. UI GreenMetric әлемдік рейтингіне қатысып, беделді тізімде 1015 орынға тұрақтады. Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігі өткізетін «Сұранысқа ие жоғары оқу орындарының ұлттық рейтингі» қорытындысы бойынша 7-орынды иелене отырып, ҚР ТОП-10 үздік жоғары оқу орнының қатарына кірді.

2019-2020 оқу жылымен салыстырғанда білім алушылар контингенті 5300-ден 10200-ге, яғни 2 есеге, ал мемлекеттік білім гранты негізінде оқитындар саны 3,7 есеге өсті.

– Ғалымдардың зерттеу жұмыстарының нәтиже беруі, ел игілігіне жарауы, ғылымды коммерцияландыру қазір өте өзекті. Қорқыт ата университетінде ғылымнан түскен қаржының көлемі қандай?

– Университет ғалымдары адамзат игілігіне жарайтын зерттеу жұмыстарымен айналысуда деп толық айта аламыз. Соның бірнешеуін атап өтейін. Күріш экспортымен танымал Қызылорда өңірінде топырақ құнарлылығының төмендеуі, тұздануы байқалады, сондай-ақ, күріш қалдықтарын (қауызы) қайта өңдеу, ағынды суды тазарту технологиясы өте өзекті болып отыр. Университеттегі Инженерлік бейіндегі зертхана қызметкерлері күріштің қауызынан биочар, целлюлоза алу технологиясын әзірледі. Сонымен қатар, Нова Лиссабон университетінің (Португалия) ғалымдарымен бірге Альцгеймер және Паркинсон ауруларының алдын алу үшін дәрі-дәрмек әзірлеуде. Бұдан бөлек, құрамында мұнай бар қалдықтарды қайта өңдеудің инновациялық технологиясын әзірледі. Университет ғалымдары облыстағы «Сығанақ», «Жанкент», «Сортөбе», «Қышқала», «Бәбіш мола», «Асанас» қалашықтарында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуде. Ғалымдар алғаш рет африкалық тары сорттарының перспективалық үлгілерін Арал өңіріне егіп, тұзды топырақта құмай өсіру технологиясын ғылымға енгізгенін айта кету керек.

Ғылымнан түскен қаржы да жыл сайын артып келеді. 2022 жылы 17 жоба орындалған болса, 2023 жылы жалпы 26 ғылыми жоба орындалуда. 2020 жылмен салыстырғанда ғылымнан түскен қаржы 5,4 есеге өсті. Тек 2023 жылы ұтып алған гранттық жобалардың құны 1 250 000 000 теңгені құрады.

Университет ғалымдары бағдарламалы-нысаналы қаржыландыру жобасы аясында Қызылорда облысында су тапшылығы жағдайында мал азықтық дақылдары мен ағаш екпелерін суару үшін сарқынды суларды қауіпсіз утилизациялау технологиясын әзірлейтін болады. Жобаның жалпы құны – 750 млн теңге. Бұл көрсеткіштер – әрине, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің жоғары оқу орындарын жүйелі қолдауының нәтижесі.

– Жас ғалымдарды қолдау жұмыстары қалай жүзеге асуда?

– Университетте жас ғалымдардың ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізуге арналған ректор гранты конкурсы 3 жылдан бері ұйымдастырылап келеді. Биыл үздік деп танылған 8 жобаның авторына 1 250 000 теңгеден грант сертификаты табысталды. Олардың ішінде 5 жаратылыстану-техникалық бағыттағы зерттеу, 3 әлеуметтік-гуманитарлық бағыттағы зерттеу бар.

Мысалы, жас ғалымдарға арналган ішкі грантымыз 2021 жылы – 4, 2022 жылы 6 жас ғалымға берілді. Ал енді конкурсқа қатысушылардың саны жылдан жылға көбейіп келе жатқан соң келесі жылдан бастап грант қаржысын 20 миллионға дейін көтеруді жөн көріп отырмыз.

– Жуырда университет базасында Сеултех Жасанды интеллект және информатика жоғары мектебі ашылды. Мектептің мақсаты, жұмысы туралы толығырақ айтып берсеңіз…

– Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде Оңтүстік Корея Республикасы Үкіметінің қолдауымен Сеул ұлттық ғылым және технологиялар университетімен (SeoulTech) ынтымақтастық аясында Жасанды интеллект және информатика жоғары мектебі ашылды. Жоғары мектеп жасанды интеллект, киберқауіпсіздік және информатика саласында кадрлар даярлайтын болады. Студенттер Сеултехпен бірлескен бағдарламалар бойынша білім алады, бұл әлемдік IT технологияларға қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Жоба аясында оқу орны Кореяның заманауи зертханалық құрылғыларымен жабдықталады, ал студенттер бірнеше тілді меңгеріп, орыс және қазақ тілдерінен бөлек, ағылшын, корей тілдерінде білім алады. 2024 жылдан бастап Сеултех базасында университеттің жас мамандары магистратура мен докторантурада тегін оқуға мүмкіндік алып отыр.

– Университеттің өзге елдермен халықаралық байланысы қандай?

– ЖОО-ның өзге де шетелдік оқу орындарымен ынтымақтастық байланысы артты. Каннам университетімен (Корей Республикасы), Қытай мұнай университетімен (КХР), Томск политехникалық ұлттық зерттеу университеті, Дубна университеті (Ресей Федерациясы), «Ташкент ирригация және ауылшаруашылығын механикаландыру инженерлері институты» Ұлттық зерттеу университетімен (Өзбекстан Республикасы) бірлескен білім беру бағдарламалары жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, алдағы уақытта шетелдік университеттер базасында өкілдік ашып рекрутинг жұмысын, отандастарға грант бөлу және сол университетпен бірлесіп әр түрлі білім беру, ғылыми бағыттағы іс-шаралар өткізбекпіз. 

– Академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша оқытушылар мен студенттерге қандай мүмкіндіктер қарастырылған?

– Қазір Академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында 70-ке жуық студент шетелдік ЖОО-ларда білім алуда. Оның ішінде, Қытайдағы Хубэй университеті, Польшадағы Лодзь университеті, Түркияның Селджук университеті, Өзбекстандағы «Ташкент ирригация және ауылшаруашылығын механикаландыру инженерлері институты» Ұлттық зерттеу университеті, Оңтүстік Кореядағы Каннам университеті бар. Бұл оқу орындарына студенттерді министрліктен бөлінген қаржымен де, университет өз қаржысы есебінен де жіберуде.

– Сұхбат үшін рақмет! Алдағы жұмыстарыңызға табыс тілейміз!

Сұхбаттасқан: Айдана ЖҰМАДИНОВА

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<