ҚР ҰҒА академигі, Абай атындағы Қазақ педагогикалық университетінің профессоры, философия ғылымдарының докторы Раушанбек Әбсаттаров Қармақшы ауданы Тұрмағамбет ауылында бір отбасының үлкені болып, жастайынан әкесіне қолғабыс етті, іні-қарындастарына көмектесті. Осылайша, болашақ ғалым бір жағынан ата-анасының тәрбиесімен, екіншіден өмірдің ағысымен адал еңбекке бейімделді. Жас баланы оқу мен еңбек кәдімгідей шыңдай түсті. Тіпті 14 жасында әкесі денсаулығына байланысты жұмысқа жарамай қалғанда, мектебін тастап, әке орнын алмастырды. Көкірегі ояу жас бала қолы қалт еткенде қажетті білімді кітаптан алуға тырысатын. Кешкі мектепте де оқыды. Шопырлық курсты бітіріп, совхозда жүргізуші болып еңбек жолын бастап кетті. Сөйтіп 19 жасқа дейін отбасының асыраушысы болуға тура келеді.
1959-1962 жылдар Раушанбек Әбсаттаровтың өмір бойы есте қалатын 3 жылдық әскери борышын өтеу кезеңі болды. Өзінің айтуы бойынша, оның темірдей әскери тәртіпті қатаң сақтауы және адал еңбекқорлығы әскери басшыларының назарын аудартады. Бөлімше командирі, взвод командирінің орынбасары, взвод командирі қызметтерін атқарып, әскери шені сержантқа дейін жоғарылатылады. Әскери полктың командирі беларусь ұлтының өкілі полковник Н.Столяров деген болды. Ол ең бір күрделі және қиын жұмыстар кезінде Әбсаттаровқа сенім артатын. Өйткені, сержант өзіне сеніп тапсырылған әскери техниканы барлық талаптар мен ережелерге сай күтіп, ұстайтын және оның техникасы жаттығулар мен тапсырмаларды орындау кезінде ешқашан сынбайтын еді. Сол себепті де әскери бөлімнің командирі сержант болса да оны жоғары бағалап, үнемі көтермелеп жүрді. Командирі қазақ халқының бойындағы адалдық пен тазалықты, сенімділік пен ержүректікті 1941-1945 жылдардағы соғыс кезінде қазақ достарынан көргенін және дәл сондай қасиеттер жауынгер Раушанбек Әбсаттаровтың бойынан табылатынын айтатын. Тіпті оны Ленинград қаласындағы жоғары әскери оқу орнына түсірмек те болды. Ректоры командирінің досы екен. Бірақ жауынгер Р.Әбсаттаровтың орта білім туралы аттестаты жоқ еді. Содан кейін оны аттестат алу үшін Нахичевандағы Офицерлер үйі жанындағы кешкі мектепке тіркейді. Осылайша болашақ ғалым 1962 жылы орта білім туралы аттестатты әскерде жүріп Нахичеван қаласындағы Офицерлер үйі жанындағы кешкі мектептен алып шығады. Адал еңбек және ертеңге деген зор сенім оны жоғары білім алуға итермеледі. Бірақ ол Ленинградты емес, Киев қаласындағы мемлекеттік университеттің философия факультетін таңдады.
Үш жыл әскери қызмет Раушанбек ағамызды бір жағынан темірдей тәртіпке баулыса, екінші жағынан жоғары білімге құштар еткен екен. Алғашқы курстар пен семестрлерде ол көптің бірі ғана болса, еңбекқорлық қасиетінің арқасында үшінші курстан бастап қатарының алды, тобының үздігі атанды. Ұстаздарының көзіне ілініп, оны ғылымға икемдей бастайды. Есімдері әлемге әйгілі болған академиктер П.Копнин, Г.Глушков, В.Шинкаруктен философияның терең сырларын меңгерді, олардың дәрістерін үзбей тыңдап, семинарларына да үздіксіз қатысты. Олардан біліммен бірге зиялы адамға тән қажетті өнеге-тәрбиені де алды.
Киев университетіндегі оның сүйікті ұстазы Лениндік сыйлықтың лауреаты, философия ғылымдарының докторы, профессор Н.Назаренко болды. Оқуды бітіре сала, аспирантураға емтихан тапсырды. Тағы да жолы болып, аспирантураға қабылданды. Оның таңдап алған тақырыбы «Одақтағы халықтар достығы». Жетекшісі – өзінің ұстазы профессор Н.Назаренко. Қазақстан мен Украинада жинақталған материалдарына сүйеніп, ғылыми ізденістерге кірісіп кетті. Үш жылдық аспирантураны созып жатпай-ақ, екі жарым жылда диссертациялық жұмысын аяқтайды да, бірден қорғауға ұсынды және 1970 жылы сәтті қорғап шықты. Ғалымның одан кейінгі өмірі туған елде, Қазақстанда, Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарында жалғасты.
Еңбек жолына қарасақ, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі философия және экономика факультетінде аға оқытушылық қызметтен бастаған екен. Педагогикалық жұмыстармен қатар әлеуметтік философия мен Қазақстанның саяси ойлауы жүйесі тақырыбы бойынша ғылыми ізденістерін одан әрі жалғастырды. Жас ғалымның еңбекқорлық қасиеті тағы да оны гуманитарлық ғылымдар арасында алдыңғы қатарға шығарды. Күнделікті оқу-әдістемелік жұмыстармен қатар үздіксіз ғылыми ізденістер нәтижесінде 1970-1980 жылдары ол әртүрлі деңгейдегі конференциялардағы баяндамалар мен мерзімді басылымдардағы ғылыми-көпшілік мақалаларды санамағанның өзінде бірнеше монографияны жарыққа шығарды.
1988-1990 жылдары ОК жанындағы ұлтаралық қатынастар секторына басшылық жасай жүріп, саяси-басқару саласының қыр-сырын түсінді. Ғылыми ізденісін тоқтатпаған Раушанбек ағамыз басшылық салада да оны жалғастыра түседі. 1990 жылы Киевтің мемлекеттік университетіндегі диссертациялық кеңесте докторлық диссертациясын ойдағыдай қорғап шықты. Ғылыми кеңесшісі ұстазы, академик, философия ғылымдарының докторы, профессор Н.Назаренко болды.
Раушанбек ағамыздың Орталық Комитет жанындағы сектор меңгерушісі болып жүрген кезінен мынадай бір оқиға еске түсіп отыр. 1990 жылы 9 тамызда «Лениншіл жас» газетінде тарихшы, Қазақ ССР Компартиясы жанындағы Партия тарихы институтының ғылыми қызметкері Талас Омарбековтың «Голощекин Қазақстанда» атты атышулы мақаласы жарық көрді. Бұл мақаланың Коммунистік партия мен оның басшылығына тигізер соққысы ауыр, шындықты сүйер халық үшін тигізер пайдасы аса зор болды. Оған дейін Голощекин Қазақстанның партия және ірі мемлекет қайраткері ретінде бағаланып келсе, Талас Омарбеков оның билік құрған жылдарын «қанды із» деп атап, қазақ халқына қарсы жасаған қылмыстарын жеке-жеке талдап көрсетті. Бұл кез Мәскеуде партия беделінің бәсеңдегенімен, Қазақстанда әлі рөлі күшті еді. Соған байланысты Партия тарихы институты қызметкерлерінің партия басшылығына қатысты тұжырымдарына тосқауыл қою, болашақта мұндай пікірлерді болдырмау үшін Орталық Комитет тапсырмасымен арнайы комиссия құрылды да, оны басқару Раушанбек Әбсаттаровқа жүктелді. Бұл жөнінде комиссия төрағасының қолжазба түрінде бізге жазып берген қысқаша екі беттік жазбасы бар. Оның қысқаша мазмұны мынадай:
«1990 жылы Қазақстан Партия тарихы институты партия тарихы секторының басшылығы М.Қойгелдиев пен Т.Омарбековты Алаш тарихын дұрыс зерттемеген, бұрмалаған деп айыптап, ұлтшыл деп жала жапты. Осы мәселеге байланысты Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитеті комиссия құруды ұсынды, төрағасы етіп мені қойды. Мәселені егжей-тегжейлі қарадым. Ең алдымен, М.Қойгелдиевпен, Т.Омарбековпен сөйлестім. Сендерді қолдаймын, қорғаймын дедім. Бір айдан астам уақыт алашшыл, ұлтшыл деген айыптауды жан-жақты сараптап, зерттедім. Мәселені тексеріп, жақсы білгеннен кейін басшыларға барып комиссияның жасаған жұмысын айттым: ешқандай ұлтшылдық, Алаш тарихын бұрмалаушылық жоқ, олар патриоттар, шынайы ғылыми зерттеушілер дедім. Орталық комитет Партия тарихы институтында жиналыс өткізіп, сонда комиссияның жұмысын, шешімін айтыңыз деп тапсырма берді.
…Сөздің қысқасы, М.Қойгелдиев және Т.Омарбеков аман-есен, абыроймен қалды. Мен қолымнан келгенше оларды қолдадым, қорғадым, ақтадым».
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы жылдары (1991-1994) профессор Р.Әбсаттаров Алматы саясаттану және басқару институтында, КИМЭП институтында кафедра меңгерушісі болып қызмет атқарды. 1995-1997 жылдары Қазақстан Республикасы Президентінің секретариатында кеңесші болды.
Профессордың 2007 жылдан бергі ғылыми-педагогикалық қызметі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетімен байланысты. Ол мұнда саясаттану және әлеуметтану кафедрасына меңгеруші, тарих факультетінің деканы, саясаттану және әлеуметтік-философиялық пәндер кафедрасының меңгерушісі, құрметті кафедра меңгерушісі, профессор-кеңесші секілді қызметтерді абыроймен атқарды. Бүгінде осы кафедрада магистранттар мен докторанттарға білім беру ісін жалғастыруда. Ұлтаралық қатынастардың және саясаттанушы нағыз маманы, монографиялар мен оқулықтардың авторы.
Раушанбек Әбсаттаров – ғылымның алғашқы баспалдағынан ең биік шыңына дейін көтерілген ғалым. Ол аспирант, ғылым кандидаты, ғылым докторы секілді ғылыми дәрежелеріне үздіксіз ізденістер арқылы, жоғары оқу орындарындағы оқытушы, аға оқытушы, доцент, профессор атақтарына табандылығы мен ізденімпаздығы арқасында жетіп отырды. Ұлттық Ғылым Академиясына корреспондент-мүше, толық мүше болу оған көрсетілген құрмет деуге болады. Қол жеткізген табыстары мен бағындырған биіктерінің бәрінің артында бір ғана қасиет – таза және адал еңбекқорлық қасиет тұр. Ол «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін», «Ерен еңбегі үшін» медалін алған.
Профессор Р.Әбсаттаровты ғылымда да, өмірде де бақыт құсын қолына қондырған адам деуге болады. Жұбайы Меруерт Асқарова – педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор, қызы Майя – кәсіпкер, ұлы Марат – заң ғылымдарының кандидаты, Ғалымжан – саяси ғылымының кандидаты. Әбсаттаровтар әулетінде немерелер мен шөберелер өсіп келеді. Олар да ата жолын қууды арман етеді. Ал атасы оларға еңбекқор болуды үйретуде.
Берекет КӘРІБАЕВ,
ҚР ҰҒА академигі,
әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры,
тарих ғылымдарының докторы






