ӘҢГІМЕ ӨЗЕГІ – ӘЛЕУМЕТТІК ТӨЛЕМДЕР

348

0

ӘҢГІМЕ ӨЗЕГІ – ӘЛЕУМЕТТІК ТӨЛЕМДЕР Бейсенбіде өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев, облыстық еңбек саласын бақылау басқармасының басшысы Ертілеу Жалғасбаев, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің облыс бойынша департамент басшысы Төреахмет Жолымбетовтің қатысуымен брифинг өтіп, атқарылған жұмыстары мен алдағы жоспарлар баяндалды.

Талғат Дүйсебаевтың айтуынша, аймақта 37 соғыс және 5900 тыл ардагері бар. Ұлы Жеңістің 73 жылдығына орай биыл соғыс ардагерлеріне жергілікті бюджет есебінен 192 мың теңге көлемінде бір реттік көмек беріледі. Ал, тыл ардагерлеріне 30 айлықтық есептік көрсеткіш көлемінде ақша төленеді. Сондай-ақ, есту және сөйлеу қабілеті төмен 78 адамға веб камералы ноутбук, ал көз мүгедектеріне сөйлеу синтезаторы бар 156 ноутбук беріледі.

Жалпы, жыл басынан бері көмекке мұқтаж 1511 адамға 89,2 млн теңгеге қайырымдылық көмек көрсетілді. Облыста 28 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан бар.

Брифингте, сондай-ақ, Ертілеу Жалғасбаев, Төреахмет Жолымбетов өз салаларында атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер жөнінде әңгімеледі.

Елбасы тапсырмасына сәйкес, осы жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы көлемі 8%-ке көтерілді. Мемлекеттік базалық зейнетақы және жәрдемақылардың басқа түрлері 6%-ке артты. Мүгедектерге, асыраушысынан айырылған және мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасыларына арналған жәрдемақылар 16 процентке дейін өсті.

Медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімдері ағымдағы жылдың 3 айында 3187 адамға мүгедектікті немесе еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін белгілеу немесе қажетті әлеуметтік қорғау шараларын айқындау қызметін көрсеткен. Мамандар есепті мерзімде алғашқы мүгедектікке шығу көрсеткішінің сәл өскенін айтты.

Айнұр БАТТАЛОВА, 

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<