WBC президенті Головкин мен «Канело» арасындағы екінші кездесудің өтпейтінін хабарлады
Жекпе-жектің ұйымдастырушылары кездесудің жарнамасын да тоқтатты, деп жазады vRINGe.com порталына сілтеме жасаған http://kaz.vesti.kz/.
Бүкіләлемдік бокс кеңесінің (WBC) президенті Маурисио Сулейман 5-мамыр күніне жоспарланған орта салмақтағы WBA (Super), IBO, WBC және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы қазақстандық Геннадий Головкин (37-0-1, 33 КО) мен мексикалық Сауль «Канело» Альварес (49-1-2, 34 КО) арасындағы екінші кездесу өтпейтінін хабарлаған.
«Менің ойым: жекпе-жек (Головкин-Канело) өтпейді. Невадада тыңдалым (Альварестің ісіне қатысты) 18-сәуірге ауыстырылды. Енді жекпе-жектің 5-мамырда қалай өтетінін елестете де алмаймын», – дейді Сулейман.
Еске салайық, 27-наурызда Невада штатаның Атлеттер комиссиясы Альваресті екі допинг сынаманың (17 және 20-ақпан) кленбутерол дәруменіне оң нәтижесін бергені үшін уақытша жекпе-жектерден шеттетті. Мексикалық боксшының ісіне байланысты шешім 10-сәуір күні шығуы керек еді. Алайда іс 18-сәуірге ауыстырылды.
Ал, Головкиннің промоутері қазақстандық боксшының Альварес ісінің қорытындысына қарамастан 5-мамыр күні шаршы алаңға шығуға дайындалып жатқанын хабарлады. Олардың екінші кездесуі де Лас-Вегастағы T-Mobile спорт кешенінде өтеді деп жоспарланған.
28 наурызда ESPN арнасының сарапшысы және Америкадағы танымал бокс шолушысы Дэн Рафаэль Головкин мен Альварес арасындағы жекпе-жек күні (5 мамыр) өзгеруі мүмкін деген болжам жасаған.
29 наурызда қазақстандық және мексикалық боксшы арасындағы қарымта жекпе-жекті ұйымдастырушылар жарнамалық науқанды тоқтатқаны хабарланды. Los Angeles Times басылымының жазуынша, Golden Boy Promotions жекпе-жекке қатысты барлық шараларды тоқтатты, HBO арнасы да жарнамалауды уақытша үзді, ал MGM Resorts билет құнын қайтаруға дайын екендерін жеткізді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<