Гүлмира Сатыбалды 7 жылға сотталды

573

0

Елордада Гүлмира Сатыбалдыға қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты. Іс №2 Байқоңыр аудандық сотында қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Гүлмира Сатыбалды Қылмыстық кодекстің 389-бабы 4-бөлігі бойынша құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылсын және 6 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалсын. Сонымен қатар, Гүлмира Сатыбалды Қылмыстық кодекстің 28-бабы 3-бөлігі 1,8-тармағы және осы баптың 125-бөлігінің 2-тармағы бойынша құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылсын және 7 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалсын», – деді судья Кемеңгер Имашев үкімді оқи отырып.

Судья Г.Сатыбалдыға Қылмыстық кодестің 58-бабы 3-бөлігі негізінде барынша қатаң жаза тағайындалғанын айтты.

«Гүлмира Сатыбалдыға 7 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалсын. Қылмыстық кодекстің 49-бабы негізінде Президентке мемлекеттік награда – «Құрмет» орденінен айыру туралы ұсыныс енгізілсін», – делінген сот үкімінде.

Еске салайық, Гүлмира Сатыбалды кәсіпорындардың қатысу үлесін заңсыз иемдену, соның ішінде адам ұрлаумен ұштасқан екі факті бойынша тергеуге алынған еді. Жәбірленушіге келген залал сомасы – 6,6 млрд теңгеден асады.

Сондай-ақ, Гүлмира Сатыбалдының сотқа дейінгі тергеу кезінде шекара асып кетпек болғаны белгілі болды. Ол сотта айыбын ішінара ғана мойындады. Айта кетсек, прокурор Гүлмира Сатыбалдыны 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған еді.

Сонымен қатар, Гүлмира Сатыбалды айыптаулармен келіспейтінін айтып, әділ шешім қабылдауға өтініш жасаған болатын.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<