«Халық барысы» турниріне кез келген азамат қатыса алады

315

0

«Халық барысы» турниріне кез келген азамат қатыса алады «Халық барысы» республикалық турниріне кез келген азамат қатыса алады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында  «Қазақстан барысы» қазақ күресін дамыту қорының төрағасы Арман Шораев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 
«Жалпы белдесудің қазақ күресінен айырмашылығы көп деп айта аламын. Өйткені ата-бабаларымыз, Қажымұқан, Балуан шолақ бабаларымыз кезінде күреске кең шалбармен, белдікпен шығатын болған. Солтүстікте өтсе аяқтарына етік киген. Біз дәл сол күрес түрін жаңғыртып, дәл сондай киімдермен шығаратын боламыз», – деді ол.
Арман Шораевтың айтуынша, «Халық барысы» турниріне кез келген адам қатыса алады. Бірақ кәсіби спортшылар жарысқа жіберілмейді.
«Қазақстан барысы», «Еуразия барысы» сынды жобаларымызға алдын ала іріктеу өткізсек, мұнда таза дала демократиясы болады. Кез келген Қазақстанның кәмелетке толған 18-ден  50 жасқа дейінгі азаматтары қатыса алады. 7 мамырға дейін Алматыға келіп, тіркеуден өтуі керек. Біздің болжауымызша, 1-2 мың палуан жиналады.  8 мамыр күні таңертең басталып, күні бойы өтеді. Бір күн жетпесе, ертеңінде ары қарай жалғастырамыз. Жеңген адам «Халық барысы»   деген атаққа ие болады. Одан бөлек қомақты қаражатты қалтасына басады. Шамамен 20 млн теңгедей», – деді Арман Шораев.
 Сонымен белдесу  спортшылары балағы тобыққа дейін жететін қоңыр түсті шалбар мен көк және қызыл түсті жалпақтығы 8 см құрайтын жұмсақ матадан арнайы белбеу тағады. Кеудесі белуарға дейін жалаңаш болады. Күрес көк шөптің үстінде өтеді. Белдесуде ауырту, тұншықтыру сынды әдістер қолданылмайды. Палуандарға 5 минут уақыт беріледі. Осы уақытта жеңімпаз анықталмаса, 3 минут уақыт қосылады. Ал қосымша уақытта да палуандар тең түссе, онда салмағы жеңіл  палуан жеңіске жетеді.    

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<