Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия әзірлеген Қазақстан Республикасының жаңа Ата Заңының жобасы – еліміздің саяси-құқықтық дамуы жолындағы аса маңызды әрі уақыт талабына сай қадам деп есептеймін. Бұл құжат ашық қоғамдық талқылаулардың, азаматтық қоғам мен сарапшылардың белсенді қатысуының нәтижесінде дайындалды. Мұның өзі реформаның шынайы халықтық сипатын айқын көрсетеді.
Жаңа Конституцияның басты өзегі – адам құқықтары мен бостандықтарын ең жоғары құндылық ретінде бекітуі. Мемлекеттің адамға бағдарлануы, әділеттілік, заң мен тәртіп, сондай-ақ табиғатқа жауапкершілікпен қарау қағидаттарының конституциялық деңгейде бекітілуі қоғамның ұзақ мерзімді тұрақты дамуына негіз қалайды.
Бір палаталы Парламент – Құрылтай құру, пропорционалды сайлау жүйесін енгізу саяси партиялардың рөлін күшейтіп, өкілді биліктің жауапкершілігін арттырады деп сенемін. Сонымен қатар, Халық Кеңесінің құрылуы азаматтардың заң шығару процесіне қатысу мүмкіндігін кеңейтіп, қоғам мен билік арасындағы диалогті жаңа деңгейге көтереді.
Цифрлық құқықтарды қорғау, зияткерлік меншікке кепілдік беру, адвокатура институтын күшейту секілді нормалар Қазақстанның заманауи, құқықтық мемлекет ретінде дамуына берік негіз болады. Бұл өзгерістер жасанды интеллект пен цифрландыру дәуірінде азаматтардың құқықтарын тиімді қорғауға бағытталған.
Жалпы алғанда, жаңа Конституция жобасы Қазақстанның болашағын адами капиталмен, біліммен, ғылыммен және инновациямен байланыстыратын стратегиялық құжат болып табылады. Ендігі түпкілікті шешімді халықтың жалпыұлттық референдумда қабылдауы – демократиялық дамудың айқын көрінісі.
Қайрат ЕРНАЗАРОВ,
ҚХП Қызылорда облыстық филиалының төрағасы





