Мәжілістегі Қазақстан Халық партиясының фракциясының жетекшісі, депутат Магеррам Магеррамов палатаның жалпы отырысында жаңа Премьер-Министрдің кандидатурасын келісу кезінде фракция мүшелері не себепті қалыс қалғанына түсінік берді, деп хабарлады Қазақпарат.
«Экономикалық табыссыз, экономикалық өсімсіз әлеуметтік бағдарламалар тек ізгі тілек күйінде қалу қаупі бар. Біз Үкіметтің жаңа басшысына инвестициялық саясатқа деген көзқарасты қайта қарауды ұсынамыз, яғни цифрлық көрсеткіштерден түпкілікті нәтиженің сапасы мен тиімділігіне көшетін уақыт жетті», — деді Магеррам Магеррамов палатаның жалпы отырысында.
Оның пікірінше, баға — экономикалық саясаттың маңызды бөлігі саналады.
«Біздің ойымызша, бағаның қалыптасуы мәселесінің шешілмеуі экономикалық реформаны жүзеге асыруды айтарлықтай қиындатады. Азық-түлік, тауар және қызметтер бағасының бақылаусыз және негізсіз өсуі азаматтарымызға жалақының көтерілуін, зейнетақы мен жәрдемақының өскенін сезінуге мүмкіндік бермейді», — деп атап өтті депутат.
Бұл тұрғыда ол партия фракциясы қандай шешімге келгенін түсіндірді.
«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Қазақстан Халық партиясының фракциясы Премьер-Министр лауазымына Олжас Бектеновтің кандидатурасы бойынша қалыс қалу жөнінде шешім қабылдады. Қазақстан Халық партиясы фракциясының шешімі — Үкіметке көзқарасты өзгертетін, жаңа формаларды ескі мазмұнмен толтырмайтын уақыт жеткенінің белгісі. Жаңа Премьер-Министрдің нақты әрекеттерімен біздің күмәніміз сейілмейінше біздің ұстанымымыз осындай болады», — деді Магеррам Магеррамов.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<