Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Мұрат Ергешбаев, партияның облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов, Сенат депутаттары, партия мүшелері Наурызбай Байқадамов пен Руслан Рүстемов Қармақшы ауданына жұмыс сапарымен болды.
Сапар барысында халық қалаулылары Жаңажол ауылдық округінде орналасқан «Жаңажол» ЖШС-нің 4 егіс бригадасының күріш алқабымен танысты.
«Жаңажол» серіктестігінің егіс көлемі 6 мың гектарға жуық. Бөліп қарайтын болсақ, оның 3100 гектары күріштік, 469 гектар жаңа жоңышқа, 600 гектары ескі жоңышқа, 5 гектар картоп, 325 гектар бидай, 39 гектар жүгері және 56 гектары судан шөбі егілген. 9,5 гектарды құрайтын алма бағы бар. Жерді игеруге 245 арнайы техникалармен қамтамасыз етілген. Бүгінгі күні серіктестікте 400 адам жұмыс жасайды.
Шаруашылық жұмысымен танысу барысында халық қалаулылары күріш егістігінің жай-күйі, агротехникалық шаралардың орындалуы мен өнімділік мәселелерін ортақ талқыға салып, шаруалардың ұсыныс пікірлерін тыңдады.
Мұнан соң серіктестіктің Дүр Оңғар ауылындағы алма бағын көрді. Алма бағы 2023 жылы көлемі 5 гектар жерге егілген. Мұнда 8600 түп жеміс ағаштары бар. Алманың Голден делишес сорты 6300 дана, Старкримсон – 1250 дана, Мельба – 450 дана, Столовка – 300 дана, Қызылай – 300 дана сорты егілген.
Халық қаулылары бұл ауыл шаруашылығын әртараптандыру бағытындағы маңызды бастама екенін атап өтті.






